Accessibility links

COVID-19-дан жазылған экс-вице-министр Надыров Алматы денсаулық басқармасы басшысы қызметіне кірісті


Қамалжан Надыров
Қамалжан Надыров

Қазақстан денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасары Қамалжан Надыров Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына басшы болып тағайындалды. Бұл туралы 2 маусымда қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабаралады.

Надыровтың вице-министрден басқарма басшысы қызметіне ауысуы, оның сәуір айында вирус жұқтыруына байланысты кешіктірілген-тін. Сол кезде Надыровтың басшылыққа келуін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "қала командасын күшейтудің амалы" деп түсіндірген.

19 мамырда денсаулық сақтау министрлігі Надыровтың коронавирустан жазылып, стационардан шыққанын хабарлаған.

37 жастағы Надыров былтыр наурыз айында денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалар алдында екі жылдай Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасын басқарған.

Алматы қаласы коронавирус жұқтырғандар саны жөнінде республика бойынша көш бастап отыр. Қалада вирус 2676 адамнан табылған. Олардың екі жүзден астамы медицина қызметкері. Вирустан 1598 адам жазылып шығып, он адам қайтыс болған.

Ресми мәлімет бойынша, республикада COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 11,5 мыңнан асты. 5,5 мыңнан аса адам жазылып шықса, 41 адам көз жұмған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG