Accessibility links

Теміртау әкіміне де коронавирус жұқты. Бірақ ауруханаға жатқызылмады


Карантин жеңілдетілгеннен кейін ашылған объектілер және қыдырып жүрген адамдар. Теміртау, 29 мамыр 2020 жыл
Карантин жеңілдетілгеннен кейін ашылған объектілер және қыдырып жүрген адамдар. Теміртау, 29 мамыр 2020 жыл

Қарағанды облысы Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтен коронавирус инфекциясы табылды. Тауар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті әкімді ауруханаға жатқызбай, үйінде емделуге рұқсат бергенін хабарлады.

- Ғалым Әшімов қазір үйінде. Дәрігерлер жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Ауырсыну туралы шағым жоқ. Әкім 14 күн оқшауда болады. Әкім аппараты қалыпты тәртіпте жұмыс істеп жатыр – деді облыстық департамент Азаттыққа.

Әкіммен байланыста болған қызметкерлердің коронавируске тесті теріс шықты деді эпидемиологтар.

Теміртау әкімі қызметін уақытша Әшімовтың орынбасары Мирас Құттыбай атқарады.

1 маусымда Теміртау қаласында карантин талаптары жеңілдетіліп, сауда және қызмет көрсету саласындағы объектілердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Қалаға кіреберістегі блокпостар алынды. Блокпостар сәуірдің басында Теміртауда жұмыс істейтін Қарағанды тұрғыны коронавирустан қайтыс болғаннан кейін қойылған болатын.

Қарағанды облысында 20 наурыз бен 1 маусым аралығында 956 адамнан коронавирус табылды. Теміртауда 356 жағдай тіркелген.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 11 мыңнан астам адамнан COVID-19 инфекциясы табылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG