Accessibility links

Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналар биліктен үй алуға жеңілдік сұрады. Полиция оларды Ақордаға жібермеді


Көп балалы аналар министрлік үйінің алдына келіп, баспана беруде жеңілдік сұрады. Нұр-Сұлтан, 2 маусым, 2020 жыл
Көп балалы аналар министрлік үйінің алдына келіп, баспана беруде жеңілдік сұрады. Нұр-Сұлтан, 2 маусым, 2020 жыл

2 маусымда бір топ әйел Министрлер үйінің алдына жиналып, көп балалы отбасыларға баспана беру бағдарламасының дұрыс жұмыс істемейтініне шағымданып, үкіметтің өздерімен кездесуін талап етті.

Нұр-Сұлтан қаласының төрт баласы бар тұрғыны Аягөз Үтембаева өзінің “Бақытты отбасы” бағдарламасына қатысу үшін кішкентай балаларын үйіне қамап, зейнетақы қорына ақша аудару үшін жұмысқа тұрғанын айтады. Алайда қажет соманы жинап банкке барғанда ол бағдарламаға қатыса алмайтынын білген.

- Біз биліктен тегін баспана сұрап отырған жоқпыз. Жалға берілетін баспана да сұрамаймыз. Біз өз ақшамызды жинап, төмен пайызбен баспаналы болғымыз келеді. Бірақ бізге әкімдік “Бақытты отбасына” жолдама бермей отыр, “2016 жылдан бастап кезекте тұруларың керек еді” дейді. Біз осы бағдарламаға ілігу үшін атаулы әлеуметтік көмектен де бас тарттық, - дейді ол.

Оның сөзін қалған жиналғандар да қоштап "Баспана!", "Жолдама!" деп айқайлады. Министрлер үйінің алдына топталған әйелдерді полицияның арнайы жасағы қоршап, үкімет пен Ақордаға барғысы келген наразылардың жолын бөгеді.

Наразы аналармен құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы комитеті басшысының орынбасары Бейбіт Шаханов кездесті. Оның айтуынша, үкімет "Бақытты отбасы" бағдарламасына 49 миллиард теңге бөлген. Оның тек 5 миллиард теңгеге жуығы Нұр-Сұлтанға тиесілі және оған 414 пәтер ғана алуға болады.

Бірақ көпбалалы аналар шенеуніктің сөзіне қанағаттанбады. Олар министрлік алдына қонатындарын айтып, үкіметті диалогқа шақырды.

2019 жылғы ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы Көктал-1 шағын ауданындағы жеке үйдің ауласында орналасқан уақытша баспана өртеніп, салдарынан бір отбасының бес қызы қаза тапқан еді. Сол оқиғадан бері көп балалы әйелдер биліктен жәрдемақы және баспана талап етіп келеді.

19 наурызда "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова тұрақты табысы бар көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар жанұялар мен толық емес отбасыларға арналған бағдарламаны таныстырған. Бұл бағдарлама аясында берілетін несиенің жылдық өсімі - 2 пайыз, алғашқы жарна – 10 пайыз. Банк өкілінің сөзінше, алғашқы жарнаға ақшасы жетпегендерге әкімдік тұрғын үй сертификатын береді. Құны 8 миллион теңге тұратын баспана үшін алғашқы сегіз жылда ай сайын 42 мың теңге, ал қалған 10 жылда 27 мың теңгеден төлеу қарастырылған.

Министрліктер үйіне жиналған әйелдер міндетті вакцинацияға да қарсылық білдірді. Олар "вакцинация сапасы нашар, арзан бағаға алынады. Ол бала денсаулығына кері әсер тигізеді" деп санайды. Мамырдың ортасында парламент мәжілісі балаларға екпе салдыруды міндеттейтін заңды қабылдап, сенатқа жолдаған. Бұл заңға қоғамда қарсылар бар.

Бұған қоса, көп балалы аналар бұған дейін әр балаға беріліп келген 21 000 теңгелік жәрдемақыны қалпына келтіруді талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG