Қазақстанда жалдамалы жұмыс істеп жүрген жүздеген тәжікстандық Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы “Жібек Жолы” қазақ-өзбек шекара бекетінен өте алмай жатқанына наразы. Бұл туралы 2 маусымда шекара бекетіне барған Азаттық тілшісі хабарлады.
Бекет жанындағы автовокзалда паналаған жұмысшылар Тәжікстан билігінің өз азаматтарын еліне жеткізе алмағанына наразы. Олар автовокзалда түнеп жүргеніне үш айға жуықтағанын айтады. Айтуынша, ас-суы таусылған. Кейбірі төсеніші болмай, қағаз үстіне жатуға мәжбүр.
- Тамағымызды жергілікті тұрғындар әкеліп жатыр. Жататын, жуынатын орын жоқ. Кім не алып келеді соны азық етеміз, - дейді аты-жөнін атамаған Тәжікстан азаматы.
Автовокзалда жатқандардың ішінде еркектер, әйелдер, балалар және қарт адамдар бар. "Өзбекстан сыртта қалған өз азаматтарын жинап, кіргізіп жатыр. Тәжікстан неге азаматтарына ие болмайды?" дейді өзін Райхан апа деп таныстырған зейнеткер.
Жібек Жолы ауылдық округінің әкімі Талғат Әзімбердиев автовокзалда 260 адам түнеп жатқанын айтады. Әкім Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігіне азаматтарының жағдайы туралы хабар бергенін мәлімдеді. Бірақ елшілік әлі күнге дейін азаматтарын еліне жеткізе алмай отыр.
Шекара бекетінде жүрген, өзін Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігінде жұмыс істеймін деп таныстырған азамат Азаттық тілшісіне пікір беруден бас тартты.
Азаттық тілшісі шекара бекетінде жүргенде Қазақстанда жұмыс істеген Өзбекстан азаматтарының бекеттен өтіп жатқанына куә болды. Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігінің қызметкері Бахтияр Камалов күніне мыңға жуық адамның Өзбекстанға өтіп жатқанын айтты. Ол шекарада тұрып қалған тәжіктердің не себепті Өзбекстан арқылы Тәжікстанға өткізілмей жатқаны туралы жауап бере алмайтынын айтты.
ПІКІРЛЕР