6 маусым - оппозициялық ұйымдардың митингісі болады деген күні таңертең түрлі қалаларда белсенділердің ұсталғаны туралы хабарламалар тарай бастады.
"Демпартия" құрғысы келетін бастама топтың жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбайдың айтуынша, сенбі күні таңертең Алматы қаласы сыртында белсенді Дамир Катекеевті полиция жолдан ұстап әкеткен. Ол қаладағы митингіге бармақ болған. Интернетте жарияланған қысқа видеода Катекеев өзінің полицей көлігінде отырғанын, бөлімшеге әкетіп бара жатқанын айтады.
6 маусымда таңертең Қарағандыда бастама топ өкілі Бақытжан Жансейітовтің де ұсталғаны хабарланды.
- "Демпартия" бастама тобының өкілдері ұсталдым деп жазып жатыр. Кімде фото-видео, тікелей эфир болады. Мен соларды ғана Facebook-қа салып отырмын, - дейді Инга Иманбай.
Сенбі күні бұған қоса, Нұр-Сұлтанда Дәулет Балшықбаев және әлеуметтік желіде "Жаник Освобожденный" деген аккаунтпен тіркелген белсендіні полицияның ұстағаны хабарланды. Ақпарат бойынша Балшықбаевты - Алматы аудандық полиция бөлімшесіне, екінші белсендіні Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесіне әкеткен. Павлодарда Нұргүл Қалуованы аялдамада тұрған жерінен полиция алып кеткен. Белсенді мұны Facebook-та тікелей эфирге шығып хабарлады.
Нұр-Сұлтан қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне "Әзірге менде ондай [ұсталғандар туралы] ақпарат жоқ. Кейінірек хабарласыңыз. Анықтап көрейік" деді. Қарағанды қалалық полиция басқармасының өкілдері де "ештеңе айта алмайтынын, ақпарат жоғын" айтты. Алматы полициясы жауап берген жоқ.
Алматыда "митинг орны" ретінде белгіленген Абай ескертішінің маңы қоршалған. Республика алаңы жабық.
Бұған дейін тіркелмеген "Демократиялық партия" және шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Мұхтар Әблязов жақтастарын 6 маусымда митингіге шығуға шақырған.
Митингілер қарсаңында әр аймақта белсенділерге қысым күшейіп, ұстала бастаған. Бас прокуратура митингілердің заңсыз екенін айтып, жұртты наразылыққа шықпауға шақырды. Бас прокурормен қатар денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктер де бірінен соң бірі "митинг вирустың жаппай тарауына әсер етеді" деп шараның қаупі туралы ескерте бастады.
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева "митингіге шыққандар тұтас қалаға коронавирус жұқтыруы мүмкін" десе, Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин карантин кезінде митингіге келгендерді санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары видеоға тіркейді деді. "Бұл қала тұрғындары арасында індет тарауының алдын алу үшін қажет" деді.
Осыған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі карантинді пайдаланып, адам құқығын шектеп жатыр деп мәлімдеген. Елдегі құқық қорғаушылар да пандемия кезінде билік белсенділерге қысымды күшейтті деп дабыл қаққан.
Шамамен үш айға созылған карантиннен кейін алғаш рет "митинг жоспарланып отыр". Соңғы рет 1 наурызда Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер ұйымдастырмақ болған митингі орнына жақындағандарды полиция жаппай алып кеткен еді. Ресми мәлімет бойынша, полиция 80 адамды ұстап, 4 адамды әкімшілік жазаға тартқан. Құқық қорғаушылар ресми мәліметке күмән келтіріп, одан да көп адам ұсталғанын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР