Accessibility links

Қызылордада алаңға 30 шақты адам жиналды, полиция пікір айтқандарды ұстады


Қызылордада Орталық алаңда полиция адамдарды ұстап жатыр. 6 маусым 2020 жыл.
Қызылордада Орталық алаңда полиция адамдарды ұстап жатыр. 6 маусым 2020 жыл.

6 маусымда Қызылорда қаласында полиция кемінде жеті адамды ұстады. Азаттық тілшісінің хабрлауынша, жергілікті үш белсенді қолына плакат ұстап, қалалық №1 емханадан бастап, орталық алаңға дейін жүріп келді. Олардың қолында «Саяси тұтқындарға бостандық», «Белсенділерді қудалауды тоқтатыңдар», «Бас басына би болған өңшең қиқым, мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» (Абай Құнанбаев өлеңінен үзінді) деген жазуы бар плакат болған.

- Абайдың осы сөздерімен билікке қарсылығымызды білдіреміз. Карантин жарияланған төрт айға мемлекет әр қазақстандыққа 50 мың теңгеден беруді талап етіміз. Елдің экономикалық әл-ауқатын көтеру үшін бесіктегі баладан қарияға дейін осы соманы беруді талап етеміз. Және белсенділерді қудалауды тоқтатып, саяси тұтқындарды босатсын! - деді наразылардың бірі Мұратбай Баймағамбетов.

Орталық алаңға жете берген жерде оларға тағы бірнеше адам қосылды. Жиналғандарға бірден полиция келіп, "белсенділік танытқан" кемінде 7 адамды алып кетті. Мұнда полиция қызметкерлерімен бірге прокуратура өкілдері де жүрді.

Қалған 20 шақты адам сәлден соң алаңнан кетіп қалды.

Басқа қалаларда "митинг өтеді" деген күні алаңдар қоршалып, көшелер жабылса, Қызылордада Орталық алаң жабылмаған.

Сенбі күні кешке қарай полиция ұсталған кемінде 9 адамды босатты. Олардың кейбірі Азаттық тілшісіне полицияның ұстау кезінде күш қолданылғанын, бөлімшеде "экстремистік ұйымдарға қосылсаңдар, келесіде сотталасыңдар" деп ескерткенін айтты. Белсенділердің айтуынша, бөлімшеде тағы он шақты адам бар.

6 маусымда Тараз қаласында бірен-саран белсенділердің ұсталғаны хабарланғанмен қала орталығына белсенділер жиналмады. "Митинг орны" ретінде белгіленген Орталық алаң жабылған жоқ, есесіне көшелердің бойында полиция қызметкерлері жүрді. "Демпартия" өкілі Талғат Құрмарқұловтың сөзіне қарағанда сенбі күні таңертең полиция белсенді Әлия Әліпованы үйінен алып кеткен. Айтуынша, таңертеңнен бері үйінің маңайында бірнеше полицей торуылдаған.

Сенбі, 6 маусымда Шымкенттен бөлек, Алматы мен Нұр-Сұлтанда да полиция "митинг орнында" адамдарды ұстаған. Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты.

Ішкі істер министрлігі нақты қанша адамның ұсталғанын әзірге хабарламады.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG