Accessibility links

Ақтөбеде полицей ұстаған белсенділердің денсаулығы сыр беріп, бөлімшеге "жедел жәрдем шақыртты"


6 маусымда ұсталған белсенді Асқар Қаласовтың (ортада) Сазды полиция бөлімінен шыққан беті. Ақтөбе қаласы. 6 маусым 2020 жыл.

6 маусым күні Ақтөбеде митинг өтеді деп білгіленген жерлерден полиция ұстаған белсенділердің кейбірінің “денсаулығы сыр беріп, полицей жедел жәрдем шақыртқанын” айтты. Азаттыққа бұл туралы "полиция учаскесінде 5-6 сағаттан болып шыққан" белсенділер айтты.

Белсенді Асқар Қаласовтың сөзінше, оны қаладағы Сазды полиция бөлімінде алты сағаттай ұстаған.

- Күндізгі сағат 11-лер шамасында көшеден ұстап әкетіп, кешкі бесте босатты. Бөлімшеде алты сағаттай ұстады. Қан қысымым көтеріліп, полиция жедел жәрдем шақыртты, - дейді ол.

Белсендінің қолында жедел жәрдем берген анықтама қағазы бар. Онда Қаласовтың қан қысымы көтеріліп кеткені жазылған.

Тағы бір белсенді Ғарифолла Ембергенов сенбі, 6 маусымда сағат 11-лер шамасында Ақтөбедегі Әбілқайыр хан даңғылының бойынан ұсталған.

- Мені полиция негізсіз ұстап, конституциялық құқығымды бұзды. Алдымен Сазды полиция бөліміне жеткізді. Ол жерде денсаулығым сыр беріп, жедел жәрдем бригадасы облыстық ауруханаға әкетті. Алғашқы жәрдем көрсетілгеннен кейін полицияның екі қызметкері Зауыт полиция бөліміне алып барды, - деді өзін "бірінші топ мүгедегімін" деп таныстырған Ғарифолла Ембергенов.

Белсенді Ембергеновтің есептейінше, бүгін, 6 маусымда Сазды полиция бөлімінде қала көшелерінен ұсталған 40 шақты, Зауыт полиция бөлімінде 20 шақты адам болған.

- Ұсталғандардың көптігі сонша полиция қызметкерлері жауап алып үлгере алмай жатты. Біз жан-жақтан шулағаннан кейін алдымен қарт адамдарды босатты. Мені Сазды полиция бөлімінде алты сағатқа жуық ұстады, - дейді белсенді Ақлима Туксикова.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті Азаттыққа билікке қарсы наразылықта қала көшелерінен қанша адамның ұсталғаны туралы ақпарат бермеді. "Митингілер бойынша мәлімдемені ішкі істер министрлігі жасайды" деді полицияның баспасөз қызметі.

  • 6 маусымда Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Семейде, Қызылордада, Оралда билікке қарсы наразылыққа келген жүзден астам адам ұсталды.
  • Бір-бірін сынап жүрген тіркелмеген екі оппозициялық топ - шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай жұртты 6 маусымда билікке қарсы митингіге шақырған еді.
  • Полиция мен арнайы жасақ митинг өтеді деп белгіленген жерге келгендерді ұстап, наразылық шарасына кедергі келтірді. Митингіге келгендер несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті.
  • Наразылық шарасы елде "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң күшіне енген күнмен тұспа-тұс келді. Бұған қоса, бұл митинг - елде коронавирус тарауына байланысты төтенше жағдай аяқталған соң өтіп жатқан алғашқы шара.
  • Қазақстанда коронавирус тараған тұста 16 наурыздан – 11 мамыр арасында төтенше жағдай болған. Елде ТЖ аяқталса да, карантин шаралары қалған. Қазақстан билігі елдегі ТЖ кезінде сынға ұшыраған "Бейбіт митинг туралы" жаңа заңды қабылдады.
  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG