Accessibility links

Ресейдің экс-құпия агенті Сергей Скрипальдың Жаңа Зеландияға көшкені белгілі болды


Мәскеу сотында тұрған Сергей Скрипаль
Мәскеу сотында тұрған Сергей Скрипаль

Ресей арнайы қызметінің бұрынғы полковнигі Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Ұлыбританиядан Жаңа Зеландияға қоныс аударды. Бұл туралы дерекөзіне сүйенген сілтеме жасаған The Sunday Times басылымы хабарлады.

Басылым мәліметінше, Скрипаль көшер алдында қызымен бірге бір жыл бойы Британияда құпия барлау қызметінің қорғауында болып, қауіпсіз жерде тұрып келген. Ақпаратқа қарағанда, олардың аты-жөні өзгертіліп, қаржылай көмек көрсетілген.

2018 жылғы наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен қызы Юлия қасақана уландырудың құрбаны болып, ес-түссіз күйде ауруханаға түскен. Оларға қарсы советтік “Новичок” уын қолданған.

Ұзақ уақыт емдеуден соң екеуі де аман қалған. Одан кейін Скрипальдардан мүлдем хабар болмаған.

Лондон оларға қастандықты Кремль ұйымдастырған деп мәлімдеп, Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған.

Ұлыбритания билігі Солсберидегі қастандықты “Александр Петров” және “Руслан Боширов” деген адамдардың атын жамылып келген ресейлік әскери барлау қызметкерлері жасаған деп санайды. Бұл оқиғаны зерттеген Bellingcat тобы мен The Insider басылымы “Петров” пен “Бошировтың” шын аты-жөні Александр Мишкин және Анатолий Чепига деп хабарлаған.

Мәскеу Скрипальге қастандық жасауға қатысы жоғын айтып, айыптауды “Ресейге қарсы байбаламды қоздыру мақсатымен әдейі ұйымдастырған” деді.

Оқи отырыңыз: Кокаин, "Новичок", құпия құты және ГРУ "торпедасы"

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG