Accessibility links

Нұр-Сұлтанда аналар билікке талаппен "үнсіз" наразылыққа шықты. Олар министрлік алдына "түнемек"


Нұр-Сұлтанда әйелдер "естімейтін билікке" қарсы "үнсіз наразылыққа" шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

Бүгін, 8 маусымда Нұр-Сұлтанда жиырмаға жуық әйел еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдында үнсіз наразылық акциясын өткізіп жатыр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, әйелдер "х" таңбасы бар маска киіп, талаптарын плакатқа жазып алған.

Наразылардың атынан сөйлеген белсенді Бота Шынықұлова әйелдердің министрлік алдында түнеуге бекінгенін айтты.

- Осы күнге дейін қанша шығып, талаптарымызды айттық. Еститін болса билік естір еді, енді амал жоқ, талабымыз мен наразылығымызды үнсіз жеткізуге бел будық, - деді ол.

Жиналған әйелдер “Әр бір балаға 21 мың теңге жәрдемақы”, “Мәжбүрлі вакцинацияға қарсымыз!”, “Жалдамалы баспана берілсін!”, “Мұқтаж халықтың несиесі кешірілсін!”, "Аштық жариялаймыз" деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Олар министрлік өкілінің алдарына келіп, мәселелерін шешуге ықпал етуін талап етеді.

Жиналғандарға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов шығып, қала әкімдігі жанындағы “Жанұя” отбасын қолдау орталығына барып әңгімелесуге шақырды. Алайда наразылар орнынан қозғалмады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, әйелдер түнеуге қажет жеке заттарын ала келген. Полиция жиналғандарды сырттай бақылап тұр.

Былтыр ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы әйелдер, мүгедек баласы бар әйелдер, жалғызбасты аналардың наразылығы күшейген. Олар мемлекеттің тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап етіп келеді.

Әйелдер наразылығынан соң билік көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге төлеу туралы шешім қабылдаған.

Біраз уақыт өткен соң билік "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, мұны парламент пен президент қолдаған.

Оқи отырыңыз: Әйелдер наразылығын тудырған жаңа тәртіп. АӘК пен жәрдемақы енді қалай төленеді?

Жаңа ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. Ал 2019 жылдың 1 сәуірінен бері көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, енді биылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты төленеді. Бұл шешімге көп балалы әйелдер наразы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG