Accessibility links

Белсенді Мұхаметованы “Билік өкілін қорлау” бойынша полицияға шақырды


Полиция департаменті ғимараты алдына жиналған белсенділер. Алматы, 9 маусым 2020 жыл
Полиция департаменті ғимараты алдына жиналған белсенділер. Алматы, 9 маусым 2020 жыл

Алматы полициясы белсенді Диана Мұхаметованы “Билік өкілін қорлау” бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша шақыртты. Қылмыстық іске белсендінің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа қарата айтқан сөзі түрткі болған. Белсендінің сөзі видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарап кеткен.

Facebook-те тікелей эфир күйі тараған видеода Диана Мұхаметованың 6 маусымдағы митингіде ұсталып, Алмалы аудандық полиция басқармасына келгенде Сталиннің портретін көргеніне ашуланғаны көрінеді. Осыдан кейін оның Тоқаев пен Тұрғымбаевты балағаттағаны естіледі.

Мұхаметованың “кабинет ішінде Сталиннің суреті тұр, масқара! Тоқаев қазақтың тарихында онсыз да ынжықсың, ешқандай үні жоқ жиһазсың” деген сөзі естіледі.

Полиция департаментіне шақыртумен келген Диана Мұхаметова “мемлекеттік мекеме ішінен Сталиннің суретін көрген соң өз-өзімді ұстай алмай қалдым” дейді.

Мұхаметованы қолдау үшін департамент алдына бір топ адам жиналды.

- Сталин портретінің біздің елдегі мекемелерде әлі күнге дейін тұрғаны біздің де ашуымызға тиеді. Оның орнына Абайдың портретін қойсын. Диананың неге ашуланғанын түсінеміз. Бірақ белсенділерге эмоцияға берілмей, жеке басты қорламау керегін айтқым келеді, - дейді Мұхаметованы қолдауға келген белсенді Асхат Жексебаев.

Жексебаев “біз елдегі жүйемен күресіп жүрміз. Онда кім отырғаны маңызды емес” дейді.

Ғимарат алдында топтасқан 20 шақты белсендімен сөйлесуге полиция департаменті бастығының екі орынбасары шықты. Басшының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков “Сталиннің портретіне қатысты мәселені тексереміз” деді.

Департамент бастығының тағы бір орынбасары Рустам Әбдірахманов желіде тараған видеоға байланысты Қылмыстық кодектсің “Билік өкілін қорлау” (378-бап) бойынша қылмыстық іс ашылғанын, Диана Мұхаметованың сотқа дейінгі тергеуге куә ретінде шақыртылғанын айтты.

- Белгіленген уақыт ішінде қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Қазір тергеу жүріп жатыр, - деді ол.

Диана Мұхаметова 2 сағаттан астам уақыттан кейін полициядан шықты. Ол Азаттыққа “Билік өкілін қорлау” бабымен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу амалдарына байланысты БАҚ пен әлеуметтік желіде ақпарат таратпауға қолхат жазып бергенін айтты.

“Билік өкілін қорлау” туралы бап Қазақстан қылмыстық кодексіне 2014 жылы енген. Ол бойынша билік өкілін қызметін атқару кезінде немесе қызметін атқаруына байланысты балағаттау қылмысқа теңестірілген. Осы бап бойынша айыпты саналған адамға сексен АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегілуі не 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылуы не 20 тәулікке қамалуы мүмкін.

Дәл осы әрекет бұқаралық ақпарат немесе коммуникация құралдарын пайдалану арқылы жасалса, айыппұл көлемі 160 АЕК-ке жетіп, ақшалай не соған парапар жаза қолданылуы мүмкін.

Мұхаметованы қолдауға келгендер өзін тіркелмеген «Көше партиясы» қозғалысының мүшесіміз дейді.

19 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы соты тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысы елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. "Көше партиясы" қозғалысы 2020 жылы ақпанда құрылғандарын жариялаған. Францияда тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов "тіркелмеген, тіркелуге өтініш бермеген "Көше партиясы" қозғалысының лидерлерін сотқа шақырмай, ешқандай айып тақпай тыйым салды" деп сот шешімін сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG