Accessibility links

"Көше партиясы" туралы шешімді сотқа берген белсенділер шағымы қабылданбады


Видеодан алынған скриншот.
Видеодан алынған скриншот.

Тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген белсенділердің арызы қабылданбады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне белсенділердің адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады. Ол 9 маусымда шағымның қабылданбағаны туралы соттан хабарлама алған.

"Апелляциямызды қабылдаған жоқ. Сотпен бірнеше рет хабарластым. "Хабарын айтады" деп бірнеше рет айтқан. Кейіннен шағымды қайтарды деп хабарлады. Менде әзірге сот шешімі де, сот анықтамасы да жоқ. Қазір құжатты жіберуді сұрап отырмын" деді адвокат.

Оның сөзіне қарағанда Азаматтық-процессуалдық кодекстің 407-бабына сәйкес, егер шағым қайтарылса, оның нақты себебі болуы керек. Адвокат шағымның қайту себебін әзірге анықтай алмай отырғанын айтты. Сот қаулысын алғаннан кейін тағы шағым түсіретінін жеткізді.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі әзірге жауап бермеді.

19 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы соты "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған болатын. Бұл шешіммен келіспеген қозғалыстың жақтастары сот шешімінің күшін жоюды талап етіп, Нұр-Сұлтан қалалық апелляциялық сотына шағым түсірген.

Бұған дейін бірнеше ұйым сот шешімін айыптап, мұны "саяси алаңды тазарту" мақсатында жасалған билік әрекеті деп бағалаған. Құқық қорғаушылар Қазақстан соты мен құқық қорғау органдары әрекетін заңсыз екенін айтқан.

Оқи отырыңыз: Қоғамдық ұйымдар "Көше партиясына" тыйым салынуына реакция білдірді

Қозғалыстың жұмысына тыйым салған сот шешімінде "ҚДТ/"Көше партиясы" ұйымының қызметіне кез келген түрде қатысуға, идеяларын насихаттауға, ақпараттық материалдарын жариялауға және таратуға, бұл ұйымның атынан кез келген акция өткізуге, оған қаржы жинауға я сыйға тартуға, өзге де қызметтер көрсетуге тыйым салынатыны" айтылған. Соттың айтуынша, бұл шешімді бұзған азаматтар қылмыстық жауапқа тартылады және оларға шартты жаза, қамаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны өтеуін кейінге қалдыру және жеңілдету қолданылмайды, рақымшылық пен кешірім жасалмайды.

Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыз айындағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Бұл қозғалысты 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Ол ҚДТ туралы сот шешімнің саяси астары бар деп санайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG