Accessibility links

Түрме әкімшіліктері құқық қорғаушы Семенованы сотқа берді. Павлодарда тағы бір шағым қаралып жатыр


Құқық қорғаушы Елена Семенова және оның адвокаты Манарбек Мусинов соттан кейін. Павлодар, 10 маусым 2020 жыл.
Құқық қорғаушы Елена Семенова және оның адвокаты Манарбек Мусинов соттан кейін. Павлодар, 10 маусым 2020 жыл.

Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі соты құқық қорғаушы Елена Семенованы сотқа берген түрме әкімшілігі өкілдерінің бірінің шағымын қарай бастады. Қостанайдағы УК-161/2 қатаң режимдегі колония бастығының орынбасары Гүлмира Мырзалы "ар-намыс, абырой және іскерлік беделді қорғау" туралы шағымында соттан Семенованың Facebook желісіндегі жазбасын шындыққа сәйкес келмейді деп тануды талап етіп отыр.

Процесс онлайн өтіп жатыр. Істі судья София Хисматуллина жүргізеді. Жауапкер Елена Семенова адвокаты Манарбек Мусиновпен бірге сотқа Павлодар қаласынан қатысып жатыр. 10 маусым күнгі сот отырысында маман Галина Мустакимованың қорытындысы тыңдалды. Процеске шағым беруші жақтан қатысқан маман Семенова жазбасында "Мырзалының ар-намысы, абыройы және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп айтуға болатын сөздер мен тіркестер бар" деген қорытынды жасаған.

Бұдан соң судья 17 маусымға дейін үзіліс жариялады. Келесі отырыста жауапкер тартқан маман сөйлеуі тиіс.

3 маусымда Елена Семенова УК-161/2 мекемесінің бастығы Әсет Шәріпов түсірген "іскерлік беделді қорғау" туралы істе жеңілген. Шәріпов те Семенованың тұтқындардың азаптау және медициналық көмек көрсетілмейтіні жайлы жазбасындағы ақпаратты жоққа шығаруды талап еткен.

Бейсенбі, 11 маусымда Павлодардың азаматтық істер жөніндегі сотында Алматы облысы Заречный елді мекенінде орналасқан ЕС-166/4 қоныстандыру колониясының бастығы түсірген шағым бойынша сот өтеді. Бұл шағымға Семенованың осы түрме қызметкерлері тұтқын Михаил Санинді ұрып-соғып, жарақаттады деген жазбасы түрткі болған. Түрме әкімшілігі соттан бұл ақпаратты шындыққа сәйкес келмейді деп тануды және жазбаны терістеуді талап етіп отыр.

Бұған дейін де Елена Семенованың үстінен осыған ұқсас бірнеше шағым түскен. Оның екеуі қылмыстық іске айналуы мүмкін.

Елена Семенова - тұтқындардың құқықтарын қорғаумен айналысатын құқық қорғаушы. Осыған дейін билік оның үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғаған. Семенова істі өзінің құқық қорғау әрекетімен байланыстырған.

2018 жылы шілде айында ол Страсбургте Еуропарламент мүшелерімен кездесу кезінде Қазақстан түрмелеріндегі тұтқындардың күрделі жағдайы туралы айтқан. Кейінірек белгісіз біреулер құқық қорғаушының үйіне жанғыш заты бар бөтелке лақтырған. 2018 жылы қазан айында Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясы депутаттарымен кездеспек болған Семенованы әуежайда ұшаққа жібермей қойды.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG