Accessibility links

Еуропа елдері шекарасын 15 маусымнан аша бастайды


Румыния жұмысшылары Германияға ұшып келіп жатқан сәт. 9 сәуір, 2020 жыл
Румыния жұмысшылары Германияға ұшып келіп жатқан сәт. 9 сәуір, 2020 жыл

Еуропаның көптеген елі 15 маусымнан бастап шекарасын өзге еуропалықтарға ашқалы отыр. Бұл - коронавирус пандемиясы басталғалы ең ірі қадамдардың бірі.

Шекарасын ашуға бел буған елдер қатарында Германия, Бельгия, Франция, Греция және Чехия бар. Австрия шекарасын 16 маусымнан ашады.

Бұл қадам Еуропалық комиссияның өткен аптадағы ұсынысынан кейін жасалып отыр. Ол кезде Еуропалық комиссия шекараларды мейлінше тезірек ашқан дұрыс деген болатын.

Шекара ашылған соң жүріп-тұру мүмкіндігі негізінен Еуроодақ, Ұлыбритания және Еуропаның Шенген визасы жүйесіне қосылған өзге елдерінің азаматтарына беріледі.

Алайда елдердің карантин шаралары әртүрлі болып қала береді. Ал Еуропадан тысқары жатқан елдердің азаматтары құрлыққа әзірше кіре алмайды.

Франция президенті Эммануэль Макрон 15 маусымнан ел экономикасы толық ашылатынын айтты. Оның айтуынша, бұл экономиканы “қайта от алдыру үшін” керек.

Франция шекарасын Еуропа елдеріне 15 маусымнан, қалған елдерге 1 шілдеден ашуды жоспарлап отыр.

Испания үкіметі шекарасын Еуропаның көптеген еліне 21 маусымда ашпақ. Дәл сол күні елдегі төтенше жағдай аяқталады.

Еуропа - коронавирустан ең қатты зардап шеккен континент. Алайда соңғы уақытта вирусты жұқтыру деңгейі бәсеңдеп, өлім саны едәуір азайды. Дегенмен шекараның ашылуымен коронавирус екінші толқыны келуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Осы күнге дейін коронавирус 7,8 миллионнан аса адамнан табылды. Қайтыс болғандар 430 мыңнан асты.

AFP, AP, dpa және Reuters агенттіктерінің ақпараты негізінде әзірленді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG