Accessibility links

Ұйғыр ауданындағы кикілжіңге байланысты "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында екі күн бұрын жастар арасында болған төбелеске байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы 18 маусымда Азаттыққа облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел хабарлады.

"Қылмыстық кодекстің 293-бап 3-тармақ екінші бөлімі ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бап бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" деді ол.

Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы қазақ және этникалық ұйғыр жастары арасында төбелес болғанын растады.

"16 маусымда түнде Шонжы ауылында екі көлік бір-біріне жол бермей, соның салдарынан кикілжің болған. Көліктің ішінде он адам болған. Барлығы да 1999-2000 жылғы жастар. Арты төбелеске ұласқан. Соның салдарынан бес адам жапа шекті. Бесеуіне де пышақ тиген" деді Ғалымұрат Жүкел.

Бұған дейін пышақталған екі адамның жағдайы ауыр екені хабарланған еді. Жүкелдің айтуынша, "қазір олардың ешқайсысының өміріне қауіп жоқ".

Алматы облыстық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Ақбота Әзірбек бұл іске байланысты әзірге хабары жоғын айтып, кейінірек хабарласуды сұрады.

Әкімдіктің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің сөзіне қарағанда 17 маусымда Ұйғыр ауданында облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен тұрғындармен жиын өткен. Онда кикілжіңнің себептері талқыланған.

"Ақсақалдар мұны ұлтаралық қақтығыс деп санамауды, қатардағы бұзақылық деп есептеуді сұрады. Бұдан бөлек, жиын барысында кейбір азаматтар аудан атын өзгерту және аудан орталығының атын өзгерту туралы мәселе көтерді. Облыс әкімі жиында көтерілген мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, артынша тиісті шешім қабылданатынын халыққа жеткізді. Қазір ауданда жағдай тұрақты. Біз әлі осындамыз. Жұмыс жоспары бойынша аудан азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдаймыз" деді ол.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, төбелес аудан орталығы Шонжы ауылының Шанхай шағын ауданы мен Бахар ауылы жастары арасында болған. Ұйғыр аудандық ауруханасына түскен 1999 жылы туған екі азаматқа ота жасалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG