Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бейсенбі күнгі брифинг кезінде қаладағы инфекциялық стационарлардың 95 пайызы бос емес, соңғы екі аптада вирус жұқтырғандар екі есеге көбейді деп мәлімдеді.
"Қазіргі кезде коронавирус инфекциясына байланысты жағдай күрделі. Соңғы екі аптада яғни, 3 маусымнан бастап қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар екі есеге көбейді. Инфекциялық стационардағы орындардың 95 пайызы бос емес. Қазір ауруханада жазылғандардың орнына жаңа науқастар келіп жатыр" деді Бекшин.
Бас санитар дәрігер дегенмен блокбекеттер қайта қойылмайды, қала жабылмайды деді.
"Қаржы орталықтары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтамайды. Сыртқы периметрде ешқандай бекет жоқ. Сондықтан қала тұрғындары және облыс тұрғындарына қалаға кіруге және шығуға ешқандай кедергі жоқ " деді ол.
Ол брифинг кезінде "санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындамағаны үшін" өткен аптада жұмысы тоқтатылған "Көк базардың" сот шешімімен бір айға жабылғанын, базар әкімшілігіне 1 млн 722 мың теңге көлемінде айыппұл салынғанын да айтып өтті.
13 маусымда қаладағы ең ірі базарлардың бірі "Көк базардың" 20 қызметкерінен коронавирус табылып, жұмысы тоқтаған еді. Бұған дейін коронавирусқа байланысты қаладағы "Рахат" кондитерлік фабрикасы да жабылған.
Соңғы мәлімет бойынша, Алматыда симптомы жоқ COVID-19 анықталған адамдарды қосқанда барлығы 4195 адамнан коронавирус табылған. 2128-і жазылған. 15 адам қайтыс болған.
Қарай отырыңыз: Алматы іргесіндегі "коронавирус зиратына" 64 адам жерленген. Ресми статистикада - 12 марқұм
ПІКІРЛЕР