Accessibility links

Қытай Гонконгте жаңа қауіпсіздік кеңсесін ашады


Демократияшыл қозғалыс мүшелері экстрадициялау туралы заңға қарсы жаппай наразылықтың бір жылдығын атап өтіп, акция жасап жатыр. Қытай, Гонконг 9 маусым 2020 жыл.
Демократияшыл қозғалыс мүшелері экстрадициялау туралы заңға қарсы жаппай наразылықтың бір жылдығын атап өтіп, акция жасап жатыр. Қытай, Гонконг 9 маусым 2020 жыл.

Батыс үкіметтері мен демократияшыл қозғалыстарды алаңдатқан Гонконг қауіпсіздігі туралы жаңа заңның жай-жапсары белгілі болды. Қытайдың мемлекеттік Синхуа агенттігінің жазуынша, жаңа заңға сәйкес, Гонконгте қала мэрі Кэрри Лэм жетекшілік ететін ұлттық қауіпсіздік комиссиясы құрылады. Комиссия Пекинге есеп беріп, тікелей соған бағынады.

Жаңа заң бойынша, "бөлшектеу, орталық биліктің өкілетіне нұқсан келтіру, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін сыртқы күштер және террористік әрекеттерге" төтеп беру үшін Гонконгте жаңа полиция және прокуратура құрылады.

Қытай парламенті мамыр айында Гонконгтің заң шығару органын айналып өтіп, ұлттық қауіпсіздік туралы заңды қабылдаған. Бұл құжат Қытай әкімшілік аумақты толықтай өз бақылауына алуы мүмкін деген алаңдаушылықты үдеткен.

Заң Пекин ықпалының артуына байланысты миллиондаған адам қатысқан былтыр басталған наразылықтан кейін бірнеше айдан соң қабылданып отыр. Синхуаның жазуынша, Лэм ұлттық қауіпсіздікке қатысты істер бойынша өтетін сотта судьяларды тағайындайды. Заңда Гонконгтің "ерекше жағдайдағы" қылмыстық істерден басқа процестерді қарай алатыны жазылған. Сыншылардың айтуынша, заң Пекиннің "еркіндік аралы" - Гонконгке бақылауын күшейте түспек.

Бұған дейін Қытай мен Гонконгтің шенеуніктері адам құқығы және демократияға байланысты туындаған алаңдаушылардың мәнін азайтып көрсетуге тырысқан.

Синхуаның жазуынша, жаңа қауіпсіздік шарасы "заң үстемдігі принципін" жүзеге асырады, Гонконгте адам құқығын қорғап, құрметтейді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 19 маусымда Вашингтон Гонконгті АҚШ-тың ерекше мәртебесіне ие жартылай автономды арал дегеннен гөрі Қытай қаласы ретінде қарастыра бастайтынын айтты. Вашингтон сонымен бірге қала еркіндігіне нұқсан келтірген Гонконг және Қытай шенеуніктеріне санкция салуды қарастырып жатыр.

Ал Еуропарламент 19 маусымда Пекин Гонконг қауіпсіздігі туралы заңды жүзеге асырса, Қытайды Гаагадағы халықаралық сотқа тарту қажет деп дауыс берді.

Қытай бұған дейін шетел үкіметтерін "елдің ішкі ісіне араласты" деп айыптаған.

Бұрын Британия колониясы болған Гонконг 1997 жылы "бір ел, екі жүйе" формуласы бойынша Қытайға берілген.

Қарай отырыңыз: "Қытай бізді құл етеді". Пекин Гонконгті заңмен матағысы келеді (2 маусым 2020 жыл).

"Қытай бізді құл етеді". Пекин Гонконгті заңмен матағысы келеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:16 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG