Accessibility links

Вашингтон соты Трамптың Болтон кітабына тыйым салу туралы өтінішін қанағаттандырмады


Бұрынғы қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтон.
Бұрынғы қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтон.

АҚШ федералдық соты ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесші Джон Болтонның кітабына тыйым салу туралы Трамп әкімшілігінің өтінішін қанағаттандырмады, бірақ судья бұрынғы кеңесші мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін деді.

Вашингтондағы аймақтық сот судьясы Ройс Ламберт он беттен құралған қаулы мәтінін жариялады. Ондағы мәліметке сәйкес, әділет министрлігі Джон Болтон естелігін шығаруға тыйым салу қажеттігіне судьяның көзін жеткізе алмаған. Судья кітапқа тыйым салған күннің өзінде одан пайда жоқ: кітап дүкендерге таратылып кетті, интернетте жариялануы да оңай деген.

"Болтонның біржақты әрекеті ұлттық қауіпсіздік үшін алаңдауға негіз тудырғанмен үкімет тыйым салу тиімді шешім екенін дәлелдей алмады" деді судья Ламберт.

Ламберттің айтуынша, Ақ үй туралы бөлікті естелігіне енгізген Болтон кітапты басып шығару арқылы ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал.

Трамп кеңесшісі болып 17 ай істеген Болтон естелігінің үзінділері бұған дейін бірқатар ақпарат құралдарында жарияланған. Кітапта мемлекеттік құпия мәліметтері барын айтқан әділет министрлігі мемуар ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін деп тұжырымдап, оны жариялауға кедергі жасамақ болған.

Президент Дональд Трамп кітаптағы жайттардың шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, мазмұнының "ойдан құрастырылғанын" айтты. Ол судьяның Болтон мемлекеттік құпияны ашуы мүмкін деген тұжырыммен келіскенін үлкен жеңіс деп атады.

"Болтон заңды бұзып, сол үшін шақырылып, айыпталды және сол үшін лайықты түрде жауап береді. Ол адамдарға "бомба" лақтырып, өлтіргенді жақсы көреді. Енді оның өзіне "бомба" лақтырады" деді Трамп.

Болтон даулы кітабында Трампты импичментке апаратын көптеген заңбұзушылық жасады және сыртқы саясат жүргізуде бірізділік сақтамады деп айыптаған.

2019 жылы күзде Иран, Солтүстік Корея және Ауғанстан мәселелері бойынша келіспеушіліктер туралы ақпарат тараған шақта Трамп Болтонды қызметінен босатқан еді.

Джон Болтон естеліктері 23 маусымнан бастап сатыла бастайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG