Accessibility links

Ақтөбе соты жүйке клиникасына күштеп жатқызылған белсендінің шағымын қанағаттандырмады


Ақтөбелік белсенді Асанәлі Суюбаевты (мүгедек арбасында) полиция әкетіп барады. 22 ақпан 2020 жыл.
Ақтөбелік белсенді Асанәлі Суюбаевты (мүгедек арбасында) полиция әкетіп барады. 22 ақпан 2020 жыл.

22 маусым күні Ақтөбе қалалық соты жергілікті белсенді Асанәлі Сүйеубаевтың жүйке аурулары клиникасында “мәжбүрлеп емдеу” бойынша шағымын қанағаттандырмады.

Ақтөбеде өтетін наразылық жиындарының тұрақты қатысушысы, белсенді Асанәлі Сүйеубаев сәуір айында өз қаласындағы жүйке аурулары клиникасында емделген. Белсенді “дәрігерлер полицияның нұсқауымен 20 күн бойы мені мәжбүрлеп ұстады” деп санайды.

Белсенді Сүйеубаев анасы екеуі сотқа Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығының үстінен шағым түсірген.

– 16 сәуір күні үйде жатқан жерімнен учаскелік инспектор алып кетті. Алғашында “карантин режимін бұздың” деп киліккен еді. Мен ешқандай тәртіп бұзбағанымды айттым. Сәлден соң инспектор жедел жәрдем шақырып, жүйке аурулары клиникасына апарды. Билік үшін қолайсыздау адам екенім рас, бірақ менің ақыл-есім бүтін. Тіпті науқас болған күннің өзінде мені соттың ұйғарымынсыз ешкімнің де емге мәжбүрлеуге құқы жоқ, – дейді белсенді.

Отыз жастағы Сүйеубаев жүйке аурулары клиникасына жатқызылуын өзінің белсенді азаматтық позициясымен байланыстырады.

Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Есенаман Нысановтың сөзінше, 16 сәуір күні кешкі сегіздер шамасында полиция қызметкері Асанәлі Сүйеубаевты жедел жәрдем көлігімен алып келген.

– Жедел жәрдем алып келгендіктен біз науқасты қабылдауға тиіспіз. Оның үстіне Сүйеубаев – 2012 жылдан бері психиатрлар есебінде тұрған адам. Екінші топ мүгедегі. Оны мәжбүрлеп емдегеніміз жоқ, – дейді Есенаман Нысанов.

Дәрігер Азаттық тілшісіне “Сүйеубаевтың қолхаты” деп бір парақ қағазды көрсетті. Онда “соңғы кездері басым жиі ауырады, мұрным қанайды, үрей билеп алды, мені емдеулеріңізді өтінемін” деп жазылған.

2020 жылғы 17 сәуір күні жазылған бұл қолхат туралы Асанәлі Сүйеубаев “дәрігерлер қолхатты мәжбүрлеп жазғызды” дейді. Азаттық тілшісінің денсаулығына қатысты сауалына Асанәлі Сүйеубаев “ол жалған ақпарат” деп жауап берді.

Сүйеубаевтардың арызын қанағаттандырмау туралы сот шешімі 22 маусым күні шыққан. Белсенді Азаттықтың “сот шешіміне шағымданасыз ба?” деген сауалына “Ретіне қарар көрерміз” деп жауап берді.

Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG