Accessibility links

Коронавирус туралы ақпарат таратқан екі пәкістандық журналисті полицияның азаптағаны хабарланды


Полиция қызметкерлері азаптады делінген журналистер.
Полиция қызметкерлері азаптады делінген журналистер.

"Жартылай әскери бөлім қызметкерлері коронавирус туралы ақпарат таратқанымыз үшін бізді азаптады" деп пәкістандық екі журналист мәлімдегеннен кейін баспасөз құқығын қорғау ұйымдары үкіметті кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.

Урду тілінде ақпарат тарататын Samaa News телеарнасының тілшісі Саид Әли Ачакзай және пуштун тілінде хабар таратын Khyber News телеарнасының тілшісі Абдул Матин Ачакзай Пәкістанның Белужистан провинциясында үш күн қамауда болғанын айтады.

23 маусымда жарияланған суреттерде олардың белінде жарақат бары көрінеді.

Саид Әлидің Азаттық тілшісіне айтуынша, журналистер Чаман қаласы маңындағы карантин орталығындағы ауыр жағдай туралы хабар таратып, ондағы азық-түлік, су тапшылығы мәселесі туралы жазған. Олардың айтынша, бұдан соң 20 маусымда шекара сақшылары оларды шақырып, терроризммен күрес орталығының мамандарына тапсырған. Ол жақта оларды қамап, ұрып-соққан.

Чамандағы Кала-и-Абдулла округы аудан комиссарының орынбасары Башир Баречи журналистерді жалған ақпаратты таратты және әлеуметтік желіде оларға тіл тигізді деп айыптаған. Ол журналистердің қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталғанын айтқан.

Пәкістанның журналистер федералдық одағы Белужистан үкіметін оқиғаны заңнамалық тәртіпте зерттеп, оған қатысы бар шенеуніктерді ұстауды талап етті.

"Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымының мәлімдемесінде "Екі журналистің таратқан ақпараты көңіліне жақпағаны үшін қауіпсіздік күш өкілдерінің оларды азаптауына мүлде жол беруге болмайды" делінген.

RSF ұйымының айтуынша, Пәкістан мен Ауғанстан арасында адам саудасы және жемқорлықпен байланысты ақпарат таратқан чамандық журналистер кәсіби міндетін атқарғаны үшін үнемі қуғындалады.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының "Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде" Пәкістан 180 елдің арасында 145-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG