Accessibility links

Мәскеуде Қызыл алаңда Жеңіс парады өтті


Мәскеудегі Жеңіс парады. 24 маусым 2020 жыл.
Мәскеудегі Жеңіс парады. 24 маусым 2020 жыл.

Мәскеуде Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад өтті. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, Қызыл алаңдағы салтанатты шеруге шамамен 13 мың сарбаз қатысады деп айтылған. Бұған дейін 9 мамырда өтуі тиіс болған Жеңіс парады коронавирус індетіне байланысты кейінге шегерілген еді.

Әскери парадты Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу қабылдады. Ол әскерилерді мерекемен құттықтады. Бұдан соң жиналғандар алдында Ресей президенті Владимир Путин сөйледі.

Ол "Ұлы Отан соғысы туралы шындықты қорғау" қажеттігін айтып, "нацизммен күрес бойынша негізгі салмақ совет халқына түсті" деп мәлімдеген.

Путин сөйлеп болған соң әскерилер шеруі басталды. Оған 13 шет мемлекеттің сарбаздары да қатысқан. Маусым айының басында қазақстандық БАҚ Мәскеудегі парадқа қатысатын қазақстандық сарбаздардың вирус жұқпас үшін "оқшауланғанын" хабарлаған еді.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, салтанатты парад Ресейдің 28 қаласында өтеді. Бұған дейін кейбір аймақтар эпидемияға байланысты қоғамдық шара өткізуден бас тартқан еді.

Биыл салтанатты шараға кемінде он мемлекеттің жетекшілері қатысып жатыр. Олардың арасында Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Сербия, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары бар.

Бастапқыда 9 мамырға жоспарланған шараға көптеген ел президенттері қатысады деп айтылған еді. Алайда парад коронавирус індетіне байланысты кейінге шегеріліп, кейінірек көбі барудан бас тартты. Армения, Әзербайжан, Чехия басшылары елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашар екенін айтып, парадқа қатыса алмайтынын хабарлаған.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Гитлерге қарсы коалиция мүшелері - АҚШ және Ұлыбритания тарабынан әскери парадқа елшілер қатысады. АҚШ президенті Дональд Трамп мамыр айында шақырудан бас тартқан.

Бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль шетел басшыларының ұстанымына "түсіністікпен қарайды" деп айтқан.

15 жыл бұрын Жеңістің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған Мәскеудегі парадқа АҚШ және Франция басшылары, Қытай коммунистік партиясының төрағасы, Германия канцлері қатысқан. 70 жылдыққа арналған шараға батыс елдерінің жетекшілері келген жоқ, алайда БҰҰ бас хатшысы, Қытай жетекшілері, Үндістан, ТМД елдерінің (Украинадан басқасы) басшылары қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG