Accessibility links

Оралдағы прокуратура алдында өз-өзін өртеген белсенді жансақтау бөлімінен палатаға шықты


Белсенді Данияр Инжигалиев өзіне қозғалған қылмыстық іске қарсылық білдіріп, өзін-өзі өртеген сәт. Орал, 10 маусым 2020 жыл.
Белсенді Данияр Инжигалиев өзіне қозғалған қылмыстық іске қарсылық білдіріп, өзін-өзі өртеген сәт. Орал, 10 маусым 2020 жыл.

Орал қаласындағы прокуратура ғимаратының алдында өз-өзін өртеген белсенді Данияр Инжиғалиев жансақтау бөлімінен палатаға шықты. 32 жастағы белсенді қазір облыстық ауруханада жатқанын айтты.

- Денсаулығым жаман емес. Жансақтау бөлімінен палатаға шығарды. Дәрігерлер ауруханадан шығатыным жайлы ештеңе айтпады, - деді ол Азаттыққа.

Денсаулық сақтау басқармасы Инжиғалиевтің жағдайы "орташа ауыр" деді. Дәрігерлер оның өз бетімен қозғалып, ас ішіп жатқанын айтты.

Инжиғалиев 10 маусымда прокуратура алдында өз-өзін бензинмен өртеп, ауруханаға түскен. Ол өзіне қарсы "Алаяқтық" бабы бойынша қозғалған іске қатысты прокурормен тілдесе алмай жүргенін айтып, наразылық білдірген.

- Мен кінәсізбін. Олардың (биліктің - ред.) мақсаты - мені жеті жылға қамап я үш жылға үйқамаққа алып, аузымды жабу, - деген еді Инжиғалиев наразылық кезінде.

Белсенді өз-өзін өртегеннен кейін прокуратура тарапынан ешқандай мәлімдеме жасалмады. Ал Орал қалалық соты наразылықтан бір күн өткенде белсенді үстінен қозғалған іс бойынша процесті бастаған.

Бұған қоса, полиция департаменті "Өз-өзіне қол салуға итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция іс кімге қозғалғанын айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG