Accessibility links

АҚШ мемлекеттік департаменті: Қазақстанда "терроризмге" қатысты істердің 90% күш қолданумен байланысты емес


ҰҚК мен полиция қызметкерлері "экстремизмді насихаттады" деген күдікпен ұстаған адам. Көрнекі сурет.
ҰҚК мен полиция қызметкерлері "экстремизмді насихаттады" деген күдікпен ұстаған адам. Көрнекі сурет.

Қазақстанда "терроризм" және "экстремизм" бойынша айыптардың дұрыстығына көз жеткізу қиын, кейбір жағдайда ол "саяси оппозициялық белсенділікпен байланысты болуы мүмкін". АҚШ мемлекеттік департаментінің 2019 жылға арналған терроризм туралы есебінде осындай қорытынды жасалған.

"Жергілікті зерттеушілердің бағалауынша, терроризм және экстремизм бойынша айыптар [жасалған немесе] жоспарланған күш қолдану әрекеттерімен байланысты емес" дейді құжат авторлары.

Есеп авторлары былтыр тамыз айында Алматыда "терроризмді насихаттады" және "діни алауыздық тудырды" деп айыпталып, сотталған 9 адамның ісін атап өткен.

Есепте "[Қазақстанның] құқық қорғау органдары "терроризм" және "экстремизм" ұғымдарын түсіндірген кезде бәз-баяғыша кең өкілетке ие. Бұл саяси оппоненттер мен рұқсат етілмеген діни топтарды қудалауды жеңілдетеді" деп жазылған.

Құжатта сонымен бірге елде енгізілген "діни экстремизм мен терроризмге" қарсы бесжылдық бағдарлама туралы да айтылады. Есеп авторларының пікірінше, бюджеті шамамен 900 млн долларды құрайтын бағдарлама "діни практиканы шектеп", "үкіметтің талпынысы кері нәтиже беруі мүмкін деген қауіпті зорайтады".

Соңғы кезде Қазақстанда экстремизммен байланысты айыптар "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдаған азаматтарға жиі тағылып жүр. Қозғалысты билік оппоненті, шетелде тұрып жатқан бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған. 2018 жылы Қазақстан билігі бұл ұйымды "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламенттің 2019 жылғы қарарында ҚДТ "бейбіт оппозициялық қозғалыс" ретінде сипатталған.

Мамыр айында елде "Көше партиясы" да "экстремистік ұйым" деп танылды. Ұйымның үстінен сотқа шағым түсірген Қазақстан бас прокуратурасы "Көше партиясын" ҚДТ-мен "бір ұйым" деп есептейді.

АҚШ мемлекеттік департаменті есепте сонымен бірге елдің терроризммен күрес бойынша жүргізген кейбір талпынысын, атап айтқанда Таяу Шығыс аймағында қалған қазақстандықтарды "Жусан" операциясы аясында елге қайтару бағдарламасын оң бағалаған. Есеп авторларының айтуынша, Қазақстан "елден тыс жерде террор жасады деп күдікке ілінгендерді сотқа тартып және қалғандарын бейімдеп, қоғамға қайта қосу" арқылы "әлемге үлгі көрсеткен".

Әлемдегі жағдайға баға берген есеп авторлары "бірқатар жетістіктерге қарамастан әлемде террор қаупі әлі де сейілмеді" дейді. АҚШ мемлекеттік департаменті "Ислам мемлекеті" террористік тобы жетекшісінен және өзі бақылайтын аумақтан айрылса да, әлемде жақтастарын жинап, "күресін жалғастырып жатыр".

АҚШ мемлекеттік департаменті сонымен бірге "нәсілдік және этникалық" сипаты бар терроризм қаупі туралы да айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG