25 маусым күні Ақтөбе облыстық соты жергілікті "митинг шақырды" деп айыпталған белсенді Тарбия Алмышеваға қатаң жаза қолдануды сұраған прокуратураның апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Осыған дейін әкімшілік сот Алмышеваны "6 маусым күні ақтөбеліктерді митингіге шақырды" деп айыптап, ескерту алған.
Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, прокуратура сотқа апелляциялық өтініш хат жолдап, Алмышеваның үстінен қозғалған әкімшілік істің қайта саралануын сұраған.
"Әкімшілік сот Тарбия Алмышеваны 488-баптың 1-бөлімімен (бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу) кінәлі деп тапты.Тұрғындарды митингіге шақырғанын оның өзі де мойындаған. Тәртіп бұзушыға ескерту берілді. Прокуратура мұнымен келіспей, соттан Алмышеваны митингіні ұйымдастырушы ретінде жазалауды сұраған болатын. Сот прокуратураның өтініш хатын қанағаттандырмады" деп хабарлайды облыстық сот.
Тарбия Алмышева 6 маусым күні "митинг өтеді" деп белгіленген Ақтөбедегі Өнер орталығы жанындағы алаңға жете алмағанын айтады. Алмышеваны полиция жақтастарымен бірге көшеден ұстап әкеткен.
- 6 маусым күні Ақтөбеде митинг болған жоқ. Прокуратура мені болмаған митингінің ұйымдастырушысы еткісі келді. Онымен мүлдем келіспеймін! Онлайн сот кезінде өз пікірімді айттым. Судья әділ болды. Заңдылықтардың орындалуын қадағалаушы орган прокуратураның әрекетіне қайранмын. Прокуратура мені және менің жақтастарымды полицияның 7 сағат бойы учаскеде заңсыз ұстағанын неге ескермейді? - деді Тарбия Алмышева.
Бір-бірін сынап жүрген тіркелмеген екі оппозициялық топтың басшылары – Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, журналист Жанболат Мамай халықты билікке қарсы митингіге шақырған еді. 6 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе мен тағы бірнеше қалада оппозициялық күштердің соңғы үш айдан бергі алғашқы көлемді наразылық акциясына жиналғандар биліктен несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды және жалға бермеуді талап етті.
ІІМ митингіде 53 адам ұсталғанын хабарлаған. Бірақ құқық қорғаушылар полицтя 311 адамды әкеткенін айтады.
ПІКІРЛЕР