Accessibility links

Алматының апелляция соты "субботажға" қатысқан тағы үш белсендінің шешімін өзгертпеді


Алматы қаласы орталығында өткен белсенділер шеруі. 13 маусым 2020 жыл.
Алматы қаласы орталығында өткен белсенділер шеруі. 13 маусым 2020 жыл.

26 маусымда Алматы қалалық соты "субботаж" шеруіне шыққаны үшін "заңсыз акцияға қатысты" деп айыпталып, 15 күнге қамалған белсенділер Ермек Қазиевті, Қайрат Қылышевті, Марат Құрбановты қамауда қалдырды. Оларға шыққан ауданаралық әкімшілік соттың шешімі өзгермеді. Бұл туралы Азаттыққа белсенділердің адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

Қорғаушы "Қылышев акция кезінде барабанмен жүрген" деді.

25 маусымда қалалық сот осы шараға қатысқан Асхат Жексебаев, Бақдәулет Әлібеков, Абайбек Сұлтановты да қамауда қалдырған еді.

Екі сот та елдегі коронавирус карантиніне байланысты онлайн режимде өтті. Адвокат Балғабаеваның қорғауындағы тағы белсенді Сахиб Жаңабаеваның апелляциялық шағымы келесі аптада қаралуы тиіс. Ауданаралық әкімшілік сот зейнеткер Жаңабаеваға 30 айлық есептік көрсеткіш (83 мың теңге) көлемінде айыппұл салған.

"Субботаж" кезінде айыппұл алған тағы үш белсенді апелляциялық шағым түсірмеді.

13 мамырда кешке Алматыда жүз шақты адам шеру өткізген еді. "Субботаж" атты серуенге ұқсас шара кезінде жиналғандар музыкалық аспаптарда ойнап, кейбірі билеген. Оған қатысушылар "Белсенділер - экстремист емес" және "Алға, Қазақстан" деп айқайлаған. Полиция шараны сырттай бақылап, ешкімді ұстамаған. Бірақ кейін белсенділер үстінен әкімшілік іс қозғалды.

"Субботаж" шарасы Нұр-Сұлтан мен Шымкент қаласында да өткен. Бұл шараға жұртты шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер, экс-банкир, Мұхтар Әблязов шақырған.

18 маусымда Қазақстан билігі коронавирусты тоқтату амалы деп "қосымша шектеулер" енгізіп, 20-21 маусымда сауда орталықтарын, парк, сквер, қоғамдық орындарды жапқан. Мұндай шектеулер 27-28 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында енгізілді.

Пандемия кезінде қабылдаған "Бейбіт митинг туралы" жаңа заң билікке ескертпей наразылыққа шыққандарға жазаны күшейткен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігі қабылдаған "Бейбіт митинг туралы" жаңа заңды шектеулер көп деп сынаған.

Халықаралық демократия институты және АҚШ-тың демократия жөніндегі ұлттық қорының бастамасымен әлемнің 500-ден астам саясаткері, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының лауреаттары және құқық қорғау ұйым жетекшілері бірлесіп ашық хат жазып, онда авторитарлық режимдер билігін нығайту үшін, сыни пікірді тұншықтыру үшін пандемияны қолдануы мүмкін деп ескерткен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG