Ақтөбе қаласында пневмониядан тағы 19 адам қайтыс болды. 27 маусымда - cегіз науқас, 26 маусымда 10 науқас Ақтөбедегі облыстық аурухананың реанимация бөлімінде жан тапсырған. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері Рүстем Исаев хабарлады.
Аты-жөнін атамауды сұраған дереккөз 27 маусым күні таңғы сағат 6 мен 7 аралығында «облыстық ауруханада оттегі таусылып қалды» деп хабарлаған еді. Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері Рүстем Исаев мұны растап отыр.
- Бүгін сегіз адам қайтыс болды. Бірақ ол оттегі жетіспеушілігімен байланысты емес. Оттегі 1 сағаттай ғана болмай қалды. Біздің есебімізше, аурухананың оттегі сақтайтын арнайы станциясындағы қор сенбі күні түс ауғанда таусылуы керек еді. Бірақ қазір біз тәулігіне 2-2,5 тонна оттегі тұтынамыз. Сондықтан, 10 тонналық станцияны үш-төрт тәулік сайын толтыруға тура келіп отыр, - дейді Исаев.
Маусымның 27-сіне қараған түні Ақтөбе облысының Ембі қаласында тұратын 1965 жылы туған дәрігер әйел пневмониядан қайтыс болған. Бұл туралы Азаттыққа марқұмның туыстары хабарлады. Осылайша Ақтөбе облысында пневмониядан қайтыс болғандар саны 41 адам болды.
Бұған дейін Ақтөбе облыстық денсаулық басқармасы пневмонияға шалдыққан 53 адам реанимацияда жатыр деп хабарлаған. Оның 15-і жасанды тыныс алу (ИВЛ) аппаратына қосылған.
Ақтөбеде туыстары пневмония жұқтырып, ауруханаға түскен кейбір тұрғындардың дәрі-дәрмек таппай жүргені де байқалады. Теміржол ауруханасында ем алып жатқан Әмина Аманшинаның жолдасы Нұрлыбек Қошаманұлының айтуынша, ол әйеліне қажет антибиотиктерді Нұр-Сұлтан қаласынан алдыртқан.
- Ақтөбенің дәріханаларынан гепарин деп аталатын препараты таба алмай жүрмін. Ол өкпесі қабынған адамның қанын сұйылтуға қажет дәрі, - дейді Нұрлыбай Қошаманұлы.
Ақтөбе облысы әкімінің денсаулық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев (жұма күнгі брифинг кезінде) облыс ауруханаларында дәрі-дәрмек қоры азая бастағанын айтты.
Қалиевтің сөзіне қарағанда, емдеу мекемелерінің мамыр-маусым айына берген тапсырысын фармацевтикалық компаниялар толық жеткізіп берген. «Сұраныс күрт өсіп кеткендіктен алдағы аптада тамыз бен қыркүйек айына деп жоспарланған медикаменттерді де алдыртамыз» деді Әсет Қалиев.
Азаттық тілшісі Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанмен жауап ала алмады. Өзге ауруханалардағы жағдай әзірге белгісіз.
Қарай отырыңыз: "Пневмонияны өршіткен – коронавирус инфекциясы". Ақтөбедегі ахуал ушығып кетті (26 маусым 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР