Accessibility links

Шымкентте жаңа мектеп емханаға айналды. Тұрғындар қарсы шықты, билік ырық бермеді


Әкімнің жергілікті мектепті емдеу орталығына айналдыру туралы шешіміне наразылық білдіріп тұрған тұрғындар. Шымкент, Қазақстан, 28 маусым 2020 жыл.

28 маусым күні Шымкенттегі Самал-3 шағын ауданының 50 шақты тұрғыны құрылысы енді аяқталған жаңа мектепке науқастарды әкеліп, провизорлық орталық ашуға наразылық білдірді. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Тұрғындардың сөзінше, мектепке коронавирус жұқтырған және пневмонияға шалдыққан науқастарды әкелмек. Олардың айтуынша, бұл жергілікті тұрғындар үшін қауіпті. Әкімдік мектептің емдеу орталығына айналатынын жергілікті тұрғындарға айтпаған.

– Мектептен аурухана ашуға кім рұқсат берді? Әкім бе, дәрігер ме, кім болса да халықтың алдында жауап берсін. Халық көп шоғырланған жерге жұқпалы аурумен ауырып жатқан адамдарды алып келгеніне қарсымыз, – дейді жергілікті тұрғын Бердіғали Бейнетов жолдың арғы бетіндегі үйін көрсетіп.

Мектеп маңында жиналған тұрғындарды жиырма шақты полиция күзетіп тұрды. Мектеп орналасқан көше басына блокпост қойылды. Екі сағаттың ішінде мектеп артынан кіретін жолмен шамамен жиырма шақты жедел жәрдем көлігі бірінен соң бірі науқастарды алып келді. Мұны көрген тұрғындар оларды ішке кіргізбейміз деп көшені жапты. Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Санжар Бөрлібаев көшені жабу заңсыз екенін айтып, жиналғандардан тарауын сұрады.

– Көшеге санитарлық аймақ болғаны үшін блокбекет қойылды. Мектепте бес жүз адамға орын дайындалды. Барлық санитарлық талап сақталып жатыр. Мұнда дене қызуы көтеріліп, әлсіреген науқастарға көмек көрсетіледі, – деді әкімнің орынбасары нақты қандай аурумен ауырған адамдар келетінін білмейтінін айтып.

Осы көзде кезекті жедел жәрдем көлігі келді. Тұрғындар көлікті ішке кіргізбейміз деп алдын жапты. Полиция бірнеше әйелді күштеп көлікке отырғызды. Жиналған тұрғындар полицияның көлігін бөгеп, әйелдерді жіберуді талап етті. Он минуттан соң полиция ұсталған әйелдерді көліктен шығарды. Полиция “Жолды жабу – заңсыз. Тараңыздар, әйтпесе заңды шара қолданамыз” деп жиналғандарға ескертті. Содан кейін тұрғындар бір-бірден тарады.

Мектеп Шымкент қалалық №6 емханадан 200 метрдей жерде орналасқан.

Жергілікті басылымдардың хабалауынша, 26 маусым күні қаладағы "Шымсити" шағын ауданында дәл осындай жағдай болып, жергілікті тұрғындар өз мектебінің емдеу орталығына айналуға жол бермеген. Наразылық білдірген тұрғындарға қала әкімі Мұрат Әйтеновтың өзі келіп, биліктің шешімін түсіндірген. Бірақ тұрғындар дегенінен қайтпаған соң, әкім райынан қайтып, медициналық жабдықтарды мектептен шығаруды тапсырды.

Маусымның басынан бері Шымкентте пневмониямен ауырғандар саны күрт өскен. 22 маусымда қала билігі пневмониямен ауырғандардың 7.2 есеге өскенін, ауруханаларда орын жетпей жатқанын айтты. 26 маусымда қала әкімі Мұрат Әйтенов қосымша провизорлық орталықтар ашылатынын мәлімдеді.

Қазақстан билігі 3 маусымнан коронавирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына қарай “ауырғандар” және “тасымалдаушылар” деп екі бөлек санақ жүргізіп келеді. Негізгі статистикаға тек “ауырғандар” қосылып жатыр. Бөлмей санағанда Шымкентте эпидемия басталғалы 2856 адамнан коронавирус анықталды. Ауру белгілері оның 1556-ында бар, 1300-інде жоқ. Вирус жұқтырғандардың 686-сы жазылған, 14-і қайтыс болған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG