Accessibility links

Таразда бір топ адам "ауруханаға түскен туыстарымызды дәрігерлер қарамай отыр" деп шағымданды


Аурухана алдында наразылық білдіріп тұрған жұрт. Тараз, 30 маусым 2020 жыл.
Аурухана алдында наразылық білдіріп тұрған жұрт. Тараз, 30 маусым 2020 жыл.

Таразда коронавирус симптомы байқалып ауруханаға жатқан науқастардың туыстары Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының алдында жиналды. Олар туыстарынан қажет ем жасалмай отыр деген шағым еститінін, ал дәрігерлерге хабарласып, науқастың жағдайын біле алмай отырғандарын айтады.

Жиналғандардың бірі Искандер Насыров 27 маусымда 70 жастағы анасы ауруханаға түскенін, бірақ анасына ем жасалмай жатқанын айтты.

– Рентгенге түсіргенде екі жақты пневмония шығып, осында әкелді. Бірақ түк қарап жатқан жоқ. Ақша берсең де қарамайды. Анам іштен хабарласып, әрең сөйлей отырып, тыныс алуының қиындағанын, екпе салдырып беруін айтты, – дейді Насыров.

Искандер Насыров анасының хәлі жөнінде ақпарат алу үшін дәрігерлерге хабарласқанын, бірақ олардың телефонды көтермегенін айтты. Сөзінше, анасынан коронавирусқа анализ алынған, бірақ нәтижесі әлі белгісіз.

Ауруханада 27 жастағы ұлы жатқан Жанар Әбдікәрімова да дәрігерлер жұмысына наразылық білдірді.

– Пневмония деген диагноз қойылды. Бірақ балам дене қызуымды өлшегеннен басқа ешкім жағдай сұраған жоқ деп жылайды. Не дәрігер, не мейірбике жаныма келмеді деп отыр. Ішетін суына дейін өзіміз апарып бердік, – дейді Әбдікәрімова.

Наразылық білдірушілердің бірі Ляйсан Якупова ауруханада жатқан 70 жастағы анасына дәріні өзі сатып алуға мәжбүр болған.

– Дәрігерлер рецепт жазып беріп, “дәріні өздерің алыңдар” деді. Науқастарды емдейтін дәрі-дәрмек те жетіспеуі мүмкін, – дейді Якупова.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сейдахмет Шыныбеков жиналғандардың алдына шығып, науқастардың сұрақтарына жауап берді.

– Медициналық қызметкерлердің барлығы жұмыс істеп жатыр. Көбірек адам жұмылдыру үшін басқа мекемелердегі дәрігерлер де келді. Коронавирус күдігімен келгендердің бәрінен анализ алынды, – деді ол.

Дәрігердің айтуынша, ауруханада 200 науқас емделіп жатыр, олардың көбіне пневмония диагнозы қойылған. Науқастардың жетеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Олардың қаншасы жасанды тыныс алу аппаратында жатқаны айтылмады.

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының негізгі бөлімі провизорлық стационар ретінде, тағы бір бөлімі инфекциялық бөлім ретінде жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балалар ауруханасындағы науқастардың 147-сі коронавирустан емделіп жатыр. Олардың ішінде 90 науқастың жағдайы орташа, 15 науқастың жағдайы ауыр. Сексен науқасқа пневмония деген диагноз қойылған.

Ресми дерек бойынша, Жамбыл облысында 1375 адамнан коронавирус анықталған. Облыста тек бір адамның ғана коронавирустан қайтыс болғаны хабарланды.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG