Accessibility links

Салымшылар Шымкент әкімінен үйін даулады. Билік жақында беруге уәде етті


"Әкімдік үйімізді тартып алды" деп шағымданған салымшылар "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" филиалының алдына жиналып тұр. Шымкент, 1 шілде 2020 жыл.
"Әкімдік үйімізді тартып алды" деп шағымданған салымшылар "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" филиалының алдына жиналып тұр. Шымкент, 1 шілде 2020 жыл.

1 шілде күні "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" отызға жуық салымшысы банктің Шымкенттегі филиалының алдына барып, "бізге тиесілі үйді басқаға берген әкімдік кесірінен әлі пәтерсіз жүрміз" деп шағынды. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Салымшылар ипотекаға алмақ болған үйін биыл қаңтар айында көп балалы отбасылар мен жастарға берген жергілікті әкімдікке наразы. "Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов екі айда жаңа үйден пәтер беріледі деген, бірақ әлі күнге үй бермеді" дейді олар.

- 10 жылдан бері пәтер алу үшін банкке ақша құйдым. Конкурстан өттім. Маған алатын пәтерімді белгілеп берген, бірақ әкімдік ол пәтерді жастарға беріп жіберді. Әкімнің жаңа үйден береміз деген уәдесі бар. Көлемі шағын болса да оған да келістік. Бірақ әлі жоқ. Әлі күнге пәтер жалдап тұрмыз. Қашанғы осылай жүре береміз? - дейді салымшы Айман Серікқалиқызы ашуланып.

Жиналғандар "Пәтерімізді беріңіздер!", "Жалған уәдеге тойдық!", "Өз ақшамызға пәтер ала алмай жүрміз" деп айқайлады. Олармен жолыққан "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" Шымкенттегі филиалының өкілі Нұрлан Cұлтанов "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша Шымкент қаласы әкімдігі салып, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы салымшыларға берілуі тиіс көппәттерлі төрт үйдің құжаттары дайындалып жатқанын айтты. "Үйлерді мердігер компания әкімдік балансына өткізді, қазір техникалық паспорттары дайындалып, пәтерлер бағаланып жатыр", - деді ол.

Банк өкілінің жауабына қанағаттанбаған салымшылар Шымкент қаласы әкімдігіне барып, әкім Мұрат Әйтеновтың шығуын талап етті. Салымшыларды қала әкімі қабылдады.

Қала әкімінің баспасөз хатшысы Арай Есенбектің Азаттыққа айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған төрт үйден 176 салымшыға екі траншпен пәтер беру жоспарланған.

- Бірінші траншпен 73 салымшы пәтер алады. Олардың 29-ның құжаты толық, қалғаны дайындалып жатыр. Оларға 3 шілде күні пәтер беріледі. Қалған салымшылар құжаттары реттелсе, бір айдың ішінде пәтер алады, - деді әкімдік өкілі.

Қаңтар айында Шымкент басшылығы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы "Нұрлы жер" бағдарламасымен баспана аламыз деген жүзден астам салымшының үйін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін көп балалы отбасылар мен жастарға беріп жіберген. Бұған наразылық білдірген салымшылар биліктен өздеріне тиесілі үйді беруді талап еткен. Әкімдік оларға құрылысы биылғы мамыр айының соңына дейін аяқталуы тиіс төрт көпқабатты үйден пәтер таңдауды ұсынған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG