Accessibility links

АҚШ Шыңжаң саяси лагерінде жасалған деген күдікпен шаш өнімін тәркіледі


“Саяси лагерь” саналатын мекеменің күзет мұнарасы. Хотан маңы, Шыңжаң, 31 мамыр 2019 жыл.
“Саяси лагерь” саналатын мекеменің күзет мұнарасы. Хотан маңы, Шыңжаң, 31 мамыр 2019 жыл.

АҚШ кеден қызметі Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі саяси лагерлерде жасалған деген күдікпен 13 тонна шаш өнімін тәркіледі. Бұл "тауар адам құқығын қатаң бұзу арқылы өндірілген" деді елдегі шекара және кеден қызметінің сауда жөніндегі вице-комиссары Бренда Смит (ханым).

Бұл өнім АҚШ территориясына Lop County Meixin компаниясына тиесілі құны 800 мың доллар тауар партиясының бір бөлігі ретінде кіргізілген. АҚШ билігі тауар жартылай не толық мәжбүрлі еңбек, түрмедегілердің еңбегі немесе балалар еңбегі арқылы өндірілген деп, оны кәмпескеледі.

Смиттің айтуынша, тауарды кәмпескелеудегі мақсат – АҚШ-та кәсібін жүргізгісі келетін барлық компанияға АҚШ-тың “заңсыз және адамдыққа жатпайтын тәжірибе арқылы жасалатын тауарға жол бермейтінін” жеткізу.

Lop County Meixin мәжбүрлі еңбекті пайдаланғаны үшін АҚШ қара тізіміне Шыңжаңдағы шаш өнімін жасаушы компаниялар арасында үшінші болып кірді. Өнім әдетте шашты ұзарту не өру үшін қолданылады.

Пекин билігі 2017 жылдың басынан бастап Шыңжаңдағы 1 миллионнан астам ұйғыр мен қазақты және діні ислам өзге этникалық топтардың өкілін саяси лагерьлерге қамағаны үшін сынға ұшырап келеді.

Қытай бұл мекемелерді "қайта даярлау және кәсіпке баулу орталықтары" деп атап, олар "сепаратизммен, терроризммен және экстремизммен күрес" үшін қажет екенін айтқан.

Америкалық кеден қызметінің мәлімдемесінде АҚШ-қа тауар жеткізетін компаниялар мәжбүрлі еңбекке жүгінбегенін дәлелдеуі тиіс деп айтылған.

Шыңжаң тауарын кәмпескелеуге байланысты АҚШ мемлекеттік департаменті және қазына, сауда және ішкі қауіпсіздік департаменттері мәлімдеме жасады. Олар америкалық компанияларды Қытайдың Шыңжаң және өзге өңірлерінде мәжбүрлі еңбекті пайдалану арқылы жасалған өнімді импорттаудан сақ болуға шақырды.

Аталмыш мекемелер сондай-ақ елдің компаниялары Шыңжаңға аңду құралдарын тасымауы және этникалық топтардың өкілдерін мәжбүрлі түрде ұстауға арналған мекемелерді салуға көмектеспеуі тиіс деді.

Мемлекеттік департамент мәлімдемесінде Қытай үкіметі “Шыңжаңдағы ұйғырларға, этникалық қазақтарға, қырғыздарға және діні ислам өзге этникалық азшылықтарға бағытталған репрессия науқанын жалғастырып” отыр делінген. Департамент мұндай қадамға баратын кәсіп иелері “репутациялық, құқықтық және экономикалық салдар” туралы ойланғаны жөн деді.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG