Accessibility links

Үкімет карантинде табыссыз қалатындарға 42500 теңге жәрдемақы төлемейді


Алматыдағы базарлардың бірі.

Қазақстанда 5 шілдеден бастап коронавирусқа байланысты карантин шаралары енгізілгенде табыссыз қалатын кәсіпкерлер мен жұмысшыларға 42500 теңге (шамамен 95 доллар) жәрдемақы төленбейді. Бұл туралы 2 шілдеде өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

- [42500 теңге] төтенше жағдай режимімен байланысты болды. Төтенше жағдай режимі тоқтатылды, енді оны төлеуге ешқандай негіз жоқ. Сондықтан барлық қазақстандық жұмысын жалғастыруы керек, - деді Тоғжанов Азаттық тілшісінің сұрағына жауап бергенде.

Қазақстан билігі 16 наурыз - 11 мамыр аралығында коронавирусқа байланысты төтенше жағдай мен карантин кезінде жұмыссыз қалған жұртқа ең төменгі айлық көрсеткіш көлемінде (42500 теңге, шамамен 95 доллар) жәрдемақы төлеген.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 42 мыңнан асып, елде пневмония күшейген тұста билік 5 шілдеден бастап карантин шараларын қатайтпақ. Сауда орындары, жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдар, фитнес, бассейн, жағажай, аквапарк жабылады. Балабақшалар (тек кезекші топтар ғана жұмыс істейді), балалар лагерьлері, караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг, кинотеатр, фудкорт, банкет залдарының жұмыс істеуіне болмайды. Тоғжанов "барлық қазақстандық жұмысын жалғастыруы керек" десе де, карантинге байланысты еріксіз жабылатын бизнеске билік тарапынан қандай көмек болатыны белгісіз.

Наурыз-мамырдағы карантин кезінде әр облыста табыссыз қалған кәсіпкерлер бірнеше рет жиналып, биліктен жұмыс істеуге не кәсіптеріне қолдау талап еткен еді.

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG