Accessibility links

Алматы соты "субботажға" қатысқаны үшін айыппұл салынған екі адамның жазасын өзгертпеді


Қала орталығында "субботаж" шеруіне шыққан белсенділер. Алматы, 13 маусым 2020 жыл.
Қала орталығында "субботаж" шеруіне шыққан белсенділер. Алматы, 13 маусым 2020 жыл.

Алматы қалалық соты 13 маусым күні "субботаж" деп аталатын акцияға шыққаны үшін 53 жастағы Серік Айтжанов пен 47 жастағы Абай Бегімбаевқа айыппұл салу туралы мамандандырылғын ауданаралық әкімшілік соттың шешімін күшінде қалдырды. Бұл туралы Азаттыққа екеуінің адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Бейсенбі, 2 шілдеде сот акцияға қатысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған тағы бір белсенді – 73 жастағы Сақып Жаңабаеваның апелляция шағымын қарауы тиіс болатын, бірақ сот отырысын 7 шілдеге ауыстырды.

13 маусымдағы "субботаждан" кейін Алматыда 13 адам биліктің пәрменімен 15 тәулікке қамалған. Арасында Жаңабаева, Айтжанов пен Бегімбаев бар тағы бірнеше адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Сот қаулысында айыппұл мөлшері 83340 теңге (210 долларға жуық) деп көрсетілген.

Осыдан бір апта бұрын сот "субботажға" қатысқаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған алты адамның апелляция шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Олардың үшеуі - Асхат Жексебаев, Бақдәулет Әлібеков пен Абайбек Сұлтанов Алматы облысы Іле аудандық уақытша ұстау изоляторында, ал Ермек Қазиев, Қайрат Қылышев пен Марат Құрбанов — Алматы облысы Қарасай аудандық уақытша ұстау изоляторында жазасын өтеп жатыр.

13 мамырда кешке жүз шақты адам Алматының орталығындағы Панфилов көшесінде жаяулар жолымен шерумен жүріп өткен еді. "Субботаж" атты серуенге ұқсас шара кезінде жиналғандар музыкалық аспаптарда ойнап, кейбірі билеген. Оған қатысушылар "Белсенділер - экстремист емес!" және "Алға, Қазақстан!" деп айқайлаған.

"Субботаж" шарасына жұртты шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер, экс-банкир, Мұхтар Әблязов шақырған. Осындай акциялар сол күні Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында өткен.

13 маусымдағы "субботаждан" кейін үкімет Қазақстандағы "эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екенін ескере отырып", маусым айындағы кейінгі екі сенбі-жексенбі күндері елде "қосымша шектеулер" жариялады: қоғамдық орындар, орталық көше, саябақтар жабылды.

Қазақстанда пандемия кезінде қабылданған "Бейбіт митинг туралы" жаңа заң билікке ескертпей наразылыққа шыққандарға жазаны күшейткен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігі қабылдаған "Бейбіт митинг туралы" жаңа заңды шектеулер көп деп сынаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG