Accessibility links

Назарбаевқа 80 жылдығы қарсаңында тағы бір ескерткіш қойды


Ұлттық қорғаныс университетінің алдына қойылған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін ашу рәсімі. Нұр-Сұлтан, 3 шілде 2020 жыл.
Ұлттық қорғаныс университетінің алдына қойылған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін ашу рәсімі. Нұр-Сұлтан, 3 шілде 2020 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа оның есімі берілген ел астанасында тағы бір ескерткіш орнатылды. Бұл жолы Назарбаевтың ескерткіші Ұлттық қорғаныс университетінің алдына қойылды. Жаңа ескерткіштің ашылу рәсімі Назарбаевтың мерейтойына санаулы күн қалғанда өтті. 6 шілдеде Назарбаев 80 жасқа толады. Бұл күн елде Астана күні мерекесі болып белгіленген, жылда атап өтіледі.

Ресми басылымдар суретін жариялаған ескерткіште Нұрсұлтан Назарбаев әскери форма мен қалпақ киіп бейнеленген. Ресми өмірбаянында Назарбаевтың армияда қызмет атқармағаны жазылған.

Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Назарбаев былтыр наурызда президенттіктен кеткенде орнына өзі таңдап қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев 3 шілде күні экс-президенттің ескерткішін ашу рәсіміне онлайн байланысы арқылы қатысқан. Бұл туралы оның баспасөз қызметі хабарлады. Назарбаевтың өзінің бұл шараға қатысқан я қатыспағаны белгісіз. Бейсенбі күні Назарбаевтың осыдан екі апта бұрын жұқтырған коронавирус инфекциясынан жазылып, қазір оқшауланғаны туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлаған еді. Ал бүгін, 3 шілде таңертең бұрынғы президенттің кеңсесі мәтінін жариялаған Назарбаевтың үндеуінде ол "дертті жеңіп, толығымен жұмысқа кіріскенін" айтқан.

Президенттіктен кеткенімен Назарбаев биліктегі "Нұр Отан" партиясын, билікке ықпалы зор Қауіпсіздік кеңесін басқарып отыр. Өзі президент болып отырған кезде қабылданған заңдар "Ұлт көшбасшысы – елбасы" деген мәртебеге ие Назарбаевты жауапқа тартуға тыйым салады. Оны сынаушылар Назарбаев өзі орнына қалдырған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр қадамын бақылап, іс жүзінде елді басқару тізгінін уысынан шығармаған деп санайды.

3 шілде күні жаңа ескерткіштің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Тоқаев Назарбаевты "қазіргі Қазақстанның негізін қалаған" тұлға ретінде атады деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Бірақ тарихқа баға бергенде қазіргі Қазақстан жерінде "бұған дейін қазақтарда ешқашан өз мемлекеті болмаған" деген тұжырыммен келіспейтіндер аз емес.

Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевқа қойылған ескерткіштер бұрыннан бар, оның есімі әуежай, оқу орындары, музей, кітапхана, көше, саябақтарға берілген. 2019 жылы наурызда Назарбаев президенттіктен кеткен соң мемлекет астанасының атауын оның құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгерткен. Назарбаевтың өмірі туралы фильмдер түсірілген, кітаптар, өлең-жырлар жазылған. Оны сынайтындар елде Назарбаевтың жеке басына табыну орныққанын талай жылдан бері айтып келеді.

Құқық қорғаушылар мен сынаушылар Назарбаевтың өзгеше ой-пікірге төзім танытпайтынын, билікті саяси бәсекелестерін басып-жаншуға пайдаланатынын бұрыннан айтып жүр. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Назарбаев мемлекетті басқарып тұрған кезде елде адам құқықтары мен бостандықтары өрескел бұзылады, түрмелерде саяси тұтқындар бар деп үкіметті үнемі сынайтын. Билік өзгеше ойлайтындарды қудаламайтынын, елде саяси тұтқындар жоғын айтып, әлгіндей айыптауларды жоққа шығаратын.

Осы аптада Нұр-Сұлтан әкімдігі Астана күні құрметіне жоспарланған шаралар "эпидемологиялық ахуалға байланысты" онлайн режимде өтеді деп хабарлады. Ресми мәліметке сай, елде наурыздан бері коронавирус инфекциясы 44 мыңнан астам адамға жұққан. 14,7 мың адам дерттен жазылып, 188 адам қайтыс болған. Бірақ вирустан көз жұмғандар статистикасына өліміне "өзге аурулар" себеп болған, ал анализ қорытындысы коронавирус жұқтырғанын анықтаған кемінде 101 адам енгізілмеген. Бұдан қоса елде пневмонияға шалдыққандар мен соның салдарынан қайтыс болғандар да көбейіп жатыр. Кей сарапшылар пневмония коронавирус салдарынан өршіді деп түсіндіреді.

Нұр-Сұлтан жұрты Назарбаевтың жаңа ескерткіші жайлы не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG