Accessibility links

АҚШ-та КВИ жұқтырғандар үш күн қатарынан 50 мыңнан асты. Англияда дәмханалар ашылмақ


Флоридадағы жағажай. АҚШ, 2 шілде 2020 жыл.

АҚШ-та үш күн қатарынан 50 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Бүгін, 4 шілдеде америкалықтар Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Әдетте бұл күні ел тұрғындары түрлі қоғамдық шараға қатысып, жолға шығып жатады. Бірақ аурудың өршуі билікті халыққа үйде отыру жөнінде үндеу жасауға мәжбүрледі.

50 штаттың 40-ында аурудың тарауы ушығып барады. Кемі 14 штатта вирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.

АҚШ-тың оңтүстігі мен батысы өте ауыр жағдайда. Флоридада ауруханаға түскендер саны артып, күн сайын 10 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. Штат билігі түнгі уақытқа комендант сағаты енгізіп, жұмысы қалпына келгеніне бір ғана ай толған сауықтыру орындарын жапты.

Калифорния билігі індет өршіп, ауруханаға түскен саны артқандықтан, кәсіпорындарды қайта ашу жоспарын кейінге қалдырды.

Әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар 11 миллионнан асты. Жарты миллионнан астам адам қайтыс болды. Вирус жұқтырғандар мен аурудан қайтыс болғандардың төрттен бір бөлігі АҚШ үлесінде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вируспен бетпе-бет келген елдерді “оянуға” және пандемиямен күресті жалғастыруға шақырды.

“Адамдар оянуы тиіс. Деректер өтірік айтпайды” деді ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан.

АҚШ-пен салыстырғанда Еуропа мен Азия елдері вирустың тарауына бақылауға алып, экономикаларын бірте-бірте аша бастады.

Британияда 4 шілде күні наурыздан бері жабық тұрған пабтар, дәмханалар, кинотеатрлар, галереялар, музейлер және қонақүйлер жұмыс істей бастайды.

Латын Америкасында КВИ жұқтырғандар 2,7 миллионнан асты. Экономикасы мен халық саны жөнінен өңірдегі ең ірі ел Бразилияда 1,5 миллион адамнан коронавирус анықталды. Коронавирус жұқтырып, салдарынан қайтыс болғандар 63 мыңнан асты. Бұл – АҚШ-тыкінен кейінгі екінші көрсеткіш.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG