Accessibility links

АҚШ: Айсұлтан Назарбаевтың тойында ән айтқан рэпер Канье Уэст президент сайлауына түсетінін айтты


Канье Уэст (оң жақта) АҚШ президенті Дональд Трамппен бірге.
Канье Уэст (оң жақта) АҚШ президенті Дональд Трамппен бірге.

Америкалық рэпер Канье Уэст Twitter-аккаунтында АҚШ президентінің сайлауына түсетінін мәлімдеді.

“Біз Құдайға сеніп, ортақ көзқарас қалыптастырып және болашағымызға жол сала отырып, Америка уәдесін орындауымыз қажет. Мен Америка Құрама Штаттары президенттігіне түсемін” деп жазды рэпер.

Уэст сайлауға түсу ниетін 4 шілде Тәуелсіздік күні білдірді. Оның твиті санаулы сағат ішінде жүздеген мың лайк жинап, бөлісілді. Әншіге қолдау білдірушілердің қатарында бизнесмен Илон Маск та бар.

Әнші қай жылғы сайлауды меңзегенін нақты айтпаған. Бірақ твитін #2020VISION хештегімен аяқтаған.

Канье Уэст – әлемдегі ең танымал әншілердің бірі. Көзқарасы мен қылықтары арқылы газет-журнал бетіне жиі шығады. Осыған дейін рэпер АҚШ президенті Дональд Трамппен бірнеше рет кездесіп, оған қолдау білдірген.

2013 жылы ол Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Айсұлтанның үйлену тойында өнер көрсеткен. Батыс басылымдары әншінің өнері үшін “диктатордан” 3 миллион доллар алғанын жазып, оны сынға алды.

New York Post газеті “Канье Уэстің Қазақстан диктаторына арналған 3 миллион долларлық өнер көрсетуі” деген тақырыпта мақала жариялаған. Автор “Канье Уэст адамды азаптайтын, өлтіретін және өз азаматтарынан ұрлайтын сұрапыл Орталық Азия диктаторларының отбасынан және достарынан көңілін көтергені үшін миллиондаған қанды ақша алатын әншілер қатарына қосылды” деп жазды.

NPR басылымында “Диктаторлармен билеу: Канье Уэст топқа қосылды” деген тақырыпты мақала жарық көрді. Мақала авторы Нұрсұлтан Назарбаевты автократ көшбасшы деп бағалап, “[Назарбаев] режимі сөз бостандығына қарсы, Канье секілді өз ойын айтып ақша табатын адам Назарбаев режимінде түрмеде отырушы еді” деген.

Осы сипаттағы мақалалар көптеген басылымда жарияланды.

Назарбаев отыз жылға жуық президент болып, 2019 жылғы 19 наурызда қызметінен кетсе де, "Нұр Отан" партиясының және аса ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр. Оның "Елбасы" деген титулы бар. Бұл титулдың арқасында Назарбаев пен оның отбасына қылмыстық іс қозғалмайды. Билікті сынаушылар Назарбаев қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр қадамын бақылап, елді әлі басқарып отыр деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG