Ресей федералдық жедел ақпарат штабының мәліметі бойынша, 5 шілде күні елде тағы 6611 адамнан коронавирус анықталған. Бұл соңғы екі айдағы тәулік ішінде анықталған науқас саны бойынша ең төменгі көрсеткіш. Бұдан бір күн бұрын COVID-19 диагнозымен 6736 науқас жаңадан тіркелген болатын. Осы уақытқа дейін Ресейде 454 329 адам (оның 3579-ы кейінгі бір тәулікте) дерттен жазылған.
Өткен тәулікте елде коронавирус жұқтырғандардан 135 адам қайтыс болған. Індет тарағалы бері Ресейде COVID-19 кесірінен 10296 адам өлген.
Осылайша қазір коронавирус жұқтырғандар көрсеткіші бойынша Ресей дүниежүзінде төртінші орынға түсті. Тізім бастап тұрған АҚШ пен Бразилиядан кейін үшінші орынға Үндістан көтерілді. Бұл елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны 697 мыңнан асқан.
Алайда федералдық штабтың статистикасынан аймақтардағы деректердегі өлім-жітім көрсеткішінің айырмашылығы бар. Аймақтардан келетін мәліметтерін кейін Росстат түзеп, көбейтіп жазады. Шенеуніктер мұның себебін есепке алғанда түрлі әдіс қолданылатындықтан деп түсіндіреді. Жалпы, COVID-19 өлімі статистикасына науқастың ажалының негізгі себебі – коронавирус инфекциясы деп танылғанда да қосылады.
ПІКІРЛЕР