Accessibility links

Ресей соты журналист Светлана Прокопьеваға айыппұл салды


"Терроризмді ақтау" айыбы тағылған ресейлік журналист Светлана Прокопьева. Псков, Ресей, 6 шілде 2020 жыл.
"Терроризмді ақтау" айыбы тағылған ресейлік журналист Светлана Прокопьева. Псков, Ресей, 6 шілде 2020 жыл.

Ресейдің Псков қаласының соты "терроризмді ақтау" айыбы тағылған журналист Светлана Прокопьеваға 500 мың рубль (шамамен 6950 доллар) айыппұл салуға үкім шығарды. Журналист Архангельскідегі Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ғимаратында өзін жарып қаза тапқан 17 жастағы азаматтың ондайға баруының себебі туралы ойын білдіргені үшін жауапқа тартылды. Үкімді Екінші батыс округтік әскери соты көшпелі отырысында шығарған. Айыптаушы тарап Прокопьеваны алты жылға бостандығынан айырып, төрт жылға журналистикамен айналысуына тыйым салуды сұраған еді.

Прокопьева өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, өзі жазған "мәтіннің мағынасы мемлекеттік саясатты сынауға тірелетінін, ал Архангельскідегі теракт мемлекеттің даму бағытындағы репрессиялық тренд пен өзі шектен тыс қатаң деп санайтын құқық қорғау органдарының іс-әрекеті туралы пікір жарыстыруға тек ілік болғанын" айтқан.

Журналист Светлана Прокопьеваны 2018 жылы қазанда Архангельскідегі ФСБ ғимаратында 17 жастағы азамат қолдан құрастырылған жарылғыш затты жарып мерт болып, арнайы қызметтің үш қызметкері жараланған оқиғаны талқылаған пікірі үшін соттады. "Эхо Москвы в Пскове" радиосы эфирінде терактінің себептері туралы болжамын айтқан журналист мемлекет өзіне қарсы күрес жүргізіп жатқан жас буынды "өзі тәрбиелеп шығарды" деген пікірін айтқан. Кейін ол "Псковская лента новостей" сайтына осы тақырыпқа авторлық мақала жазған.

Арада үш ай өткенде, 2019 жылы 6 ақпанда Прокопьеваның үстінен "терроризмді ақтады" (Ресей қылмыстық кодексінің 205-2-бабының 2-бөлімі) деген айыппен қылмыстық іс қозғап, үйін тінтті. Журналистің мақаласы үшін радиостанция мен агенттікке айыппұл салды.

Айыптаушы тарап журналистің айыбының негізгі дәлелі ретінде екі психологиялық-лингвистикалық сараптау қорытындысын келтірді. Оның біріншісіне сүйенсек, журналист Архангельскіде теракт жасаған бозбаланы "репрессивті" мемлекетпен күрескер, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғаушы қазіргі заманғы "халықшыл" ретінде көрсетіп, оқырманда ол туралы жағымды пікір қалыптастыруды мақсат тұтқан-мыс. Сарапшылардың пікірінше, журналист мақаласында қаза тапқан жасөспірімнің әрекетінің "ізгі себебі" мен "жоғарғы мақсаты" туралы баға берген. Бірақ Прокопьеваның әлгі мақаласында "репрессивтік мемлекет" дегеннен басқа мұндай сөздер жоқ. Екінші сараптау да "бүлдіруші әрекетті ақтаудың" лингвистикалық және психологиялық белгілері бар деген қорытынды жасаған.

Сотта айыптаушы тараптың куәгерлері ретінде Псков облысы бойынша "Роскомнадзор" басқармасының жетекшісі Дмитрий Федоров пен оның қарамағында істейтін, "Роскомнадзор" басқармасы бөлімінің бастығы Эдуард Кожокарь сөйледі. Олар Прокопьеваның мақаласынан "терроризмді ақтау белгілерін" тапқаны туралы айтты. Осыған байланысты "Эхо Москвы в Пскове" радиостанциясы мен "Псковская лента новостей" сайтына ескерту жасап, хаттама толтырды. Айыптаушы тараптың тағы екі куәгерінің аты-жөні құпия: олар "Алексей Егоров" және "Петр Петров" деген лақап атпен көрсетілген. Олардың пікірінше, "Прокопьева өз мақаларында елдегі қазіргі саяси режимді кез келген, тіпті террордың көмегімен болсын ауыстыру қажеттігі туралы ой өрбітеді, бұған қоса оппозиция лидерлерін насихаттап, билікке сенімсіздік танытады".

"[Бұл жариялымның] басты мақсаты – түп-тамырына үңіліп, [терактінің] қайталануына жол бермеу. Яғни бұл сыни мақала болды. Сарапшылар әділін айтқандай, сын нысанасы – мемлекет. Дәлірек айтқанда, мемлекеттің нақты бір саладағы, құқық қорғау саласындағы саясаты еді. Мен Ресей тарихында 19-ғасырда "халықшылдар" кезінде болған терактілер мен Архангельскіде жасалған теракт арасында осы ұқсастықты байқадым. Оны жалғыз мен ғана емес, көптеген адам байқады", - деді Прокопьева.

  • Мәскеудің Хельсинки тобы Светлана Прокопьеваны ақтауды талап етіп: "Светлана Прокопьеваның қылмыстық ісі ашық саяси мақсатты көздейтін, өзгеге көз етіп жазалау сипатындағы, ресейлік журналистерді қорқытуға бағытталған іс екеніне сенімдіміз. Прокурор журналисті пікірін айтқаны үшін алты жылға түрмеге қамауды талап етіп, журналистің жұмысын қылмысқа теңеу – мамандықты жоқ қылады" деп мәлімдеді.
  • Светлана Прокопьева — Ресейдің Псков облысы мен өзге де өңірлерінің саяси және қоғамдық проблемалары туралы жазылған ондаған материалдың авторы. Ол бірнеше бұқаралық ақпарат құралымен, соның ішінде Азаттық радиосының Орыс қызметімен (Радио Свобода) қатынас орнатып, штаттан тыс жұмыс істеді. "Біз Ресей билігінің тәуелсіз, жақсы танымал журналисіне мүлде кереғар айып тағып, оны аяусыз жазалауға құлшына кіріскеніне наразымыз. Светлананың пікірі – қайғылы жайттың себебіне үңіліп, ақ-қарасын ажыртқысы келгеннен туды; ал оның сөзін "терроризмді айыптау" деп көрсету – шындықты саяси себеппен көпе-көрнеу бұрмалап, сыни пікірдің үнін өшіруге бағытталған", - делінген Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті міндетін атқарушы Дейзи Синделардың мәлімдемесінде.
  • Ресейлік журналистер Светлана Прокопьеваны қолдап пикеттер өткізді Ресей президенті жанындағы адам құқтары жөніндегі кеңес прокуратураның соттан журналист Прокопьеваны бостандығынан айыруын сұрауын "ақылға сыймайтын" талап деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG