Accessibility links

Париж Лувры төрт айға жуық карантиннен соң қайта ашылды


Луврдағы әйгілі мәдени мұралардың бірі – Леонардо да Винчидің "Мона Лиза" ("Джоконда") портретін тамашалап тұрған балалар. Көрнекі сурет.
Луврдағы әйгілі мәдени мұралардың бірі – Леонардо да Винчидің "Мона Лиза" ("Джоконда") портретін тамашалап тұрған балалар. Көрнекі сурет.

Париждегі әйгілі Лувр музейі 6 шілде күні қайта ашылды. Музей биыл наурызда коронавирус карантині кезінде уақытша жабылған болатын.

Әзірге музейдің ішінде бірқатар шектеу сақталады. Әкімшілік талабына сай, музейге келушілер міндетті түрде маска тағып жүруі тиіс. Бұған қоса музей залдарын аралаған кезде адам саны мен арақашықтығына байланысты қойылған қатаң талап бар. Әкімшілік музейдегі ең әйгілі мәдени мұра – Леонардо да Винчидің "Мона Лиза" ("Джоконда") портретін тамашалауға келген адамдардың бір жерге үймелемей, кезекпен баруын қадағалап отырмақ.

13 наурызда Лувр карантинге жабылғалы бері музей 40 миллион еуро кірістен қағылған. "Музей мемлекеттің меншігінде болғанына шүкір", - деп мәлімдеді музейдің директоры Жан-Люк Мартинес.

6 шілде күні Луврдың қасында туристік гидтердің наразылық акциялары өтті. Олар басқа талаптармен бірге, биліктің туризм саласында жұмыс істейтіндерге жәрдем танытуға жеткілікті көңіл бөлмей отырғанын да айтты.

Франция президенті Эммануль Макрон маусым айында коронавируспен күрестегі "алғашқы жеңіс" туралы мәлімдегеннен кейін індетке байланысты енгізілген шектеулер біртінден алына бастаған. Макронның әкімшілігінде карантин шектеуін босаңсыту шараларына жауапты міндет атқарған Жан Кастекс өткен аптада Франция үкіметінің жаңа басшысы болып тағайындалған. Оған дейін бұл қызметте 2017 жылдан бері отырған Эдуард Филипп өткен аптада отставкаға кеткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG