Accessibility links

Ресейде "тыңшы" айыбы тағылған украиналық бұрынғы футболист қамауда отыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Украиналық бұрынғы футболист Василий Василенко "Украинаның мүддесіне тыңшылық жасаған" деген айыппен Ресей астанасында қамауда отыр.

Ресейлік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Василенко 2019 жылы қазанда контрабанда ісі бойынша тұтқындалған, бірақ кейін оған тағылған айыпты өзгертіп, "тыңшы" айыбын таққан. Украина азаматының тұтқындалғаны туралы ақпарат енді ғана белгілі болған, бұған дейін ол өзін тұтқындау жайлы қаулыға да, қамау мерзімін ұзарту туралы шешімге де шағым бермеген деп хабарлайды ресейлік ТАСС агенттігі.

Мәскеудің Мещанский аудандық соты өкілдерінің сөзінше, 19 маусымда Василенконы қамауда ұстау мерзімін 24 қыркүйекке дейін ұзарту туралы сот шешімі шыққан.

Ваиленконың ісі "құпия" болғандықтан, оның жай-жапсары белгісіз. Тергеуді Ресей федералды қауіпсіздік комитетінің Мәскеу қаласы бойынша басқармасы жүргізеді. Василенкоға тағылған айып бойынша Ресей қылмыстық кодексінде 20 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Василий Василенко 1992-2001 жылдар аралығында футболдан Украина чемпионаттарына қатысқан. Ол әр жылдары "Таврия" (Новотроицкое), "Торпедо" (Мелитополь) мен "Дружба" (Бердянск) командаларында қорғаушы болған.

Украинаның бұл іске байланысты реакциясы туралы әзірге ақпарат жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG