Accessibility links

Ұлыбритания Магнитский өліміне қатысы бар деген Ресей шенеуніктеріне санцкция салды


Түрмеде қаза тапқан адвокат Сергей Магницкийдің портретін анасы Наталья Магнитская ұстап тұр. Мәскеу, қараша 2009 жыл.
Түрмеде қаза тапқан адвокат Сергей Магницкийдің портретін анасы Наталья Магнитская ұстап тұр. Мәскеу, қараша 2009 жыл.

Британия заңгер Сергей Магнитскийдің өліміне қатысы бар деген 25 Ресей шенеунігіне санкция салды. Тізімде Ресей президенті Владимир Путиннің сенімді серігі саналатын тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин бар. Сондай-ақ санкцияға судьялар мен прокурорлар да ілінген.

Британия сыртқы істер министрі Доминик Рааб 6 шілде күні Twitter желісінде санкцияның “адам құқықтарын өрескел түрде бұзғандарға арналғанын” айтты. Кезінде адам құқықтары жөніндегі заңгер болған Раабтың сөзінше, санкция “Британияны жақсылықтың бұрынғыдан мықтырақ қорғанына” айналдырады.

Магнитский АҚШ-та туып кейін Британия азаматтығын алған инвестор Уильям Браудердің адвокаты болған. Оны 2009 жылы Мәскеудің уақытша қамау абақтысында өлтіріп кеткен. Марқұмға қарсы қылмыстық іс оның Ресей бюджетінен 230 миллион доллардың ұрланғанын әшкерелеп, құқық органдарына жүгінуінен кейін қозғалған.

Ресей бағалы қағаз нарығында үлкен пайдаға кенелген инвестор Браудердің ықпалымен Магнитский өлімі халықаралық қауымдастықтың назарын аудартты.

Кейінгі он жылда Браудер батыс елдерін адам құқықтарын бұзуға немесе үлкен көлемдегі парақорлыққа жауапты адамдарға санкция салатын Магнитский заңын қабылдауға итермелеп келді.

АҚШ Магнитский заңын 2012 жылы қабылдап, көптеген Ресей шенеунігіне санкция салды. 2016 жылы заң кеңейе түсіп, өзге елдердің азаматтарын да тізімге ілді.

Британия аталмыш заңды 2018 жылы қабылдады, бірақ 2020 жылы ЕуроОдақтан ресми шыққанға дейін адамдарға санкция салмады.

Британия санкциясына журналист Жамал Хашоггидің өліміне қатысы бар деген Сауд Арабия азаматтары да ілінді. Тізімде Солтүстік Корея шенеуніктері де бар. Санкция аты аталған адамдарға виза беруге тыйым салады, олардың мүлкін бұғаттайды.

Магнитский Британия санкциясын “соңғы он жылдағы науқанымыздың үлкен жетістігі” деп бағалады.

Ресейдің Лондондағы елшілігі Британияның бұл шешімін “қастық” деп атап, Мәскеудің “қарымта шаралар” қабылдауы мүмкін екенін айтты. Бірақ оның қандай қадамнан тұратыны жөнінде сөз болмады.

“Ресейде тергеу бөлімі, прокуратура және сот өз міндетін атқаруда атқарушы биліктен тәуелсіз және жұмысында тек заңға сүйенеді” делінген елшілік мәлімдемесінде.

Ресей ұзақ уақыт бойы Магнитскийдің өлтірілгенін жоққа шығарып келді және заңның қабылдануына қарсы қатты лобби жасады. Тіпті Браудер мен оның адвокатына қылмыстық айып артты.

Британия санкциялары Лондон мен Мәскеудің онсыз да мәз емес байланысын ушықтыруы мүмкін.

Ресми Лондон Британия территориясында жасалған “тұрақтылықты бұзатын” әрекеттер үшін Ресейді айыптады. Оның ішінде бұрынғы Ресей тыңшысы Сергей Скрипаль мен оның қызына қарсы химиялық шабуыл да кіреді. Ресей айыпты жоққа шығарып келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG