Accessibility links

Венадағы ұлты шешен Умаровты өлтірді деген күдіктілердің аты-жөні белгілі болды


Мамихан Умаров, Умаровтың ютуб-каналынан скриншот.
Мамихан Умаров, Умаровтың ютуб-каналынан скриншот.

Австрияда ұлты шешені Ресей азаматы Мамихан Умаровты өлтірді деген күдікпен Сарали Ахтаев пен Салман Магамедов есімді Шешенстан тумалары ұсталды. Бұл туралы Кавказ.Реалии сайты еуропалық диаспоралардың біріндегі дереккөзіне сілтей отырып хабарлады. Ал австриялық Österreich газеті Sar Ali A. деген күдікті туралы жазды.

47 жастағы Сарали Ахтаев Еуропаға 2002 жылы, ал 37 жастағы Салман Магамадов 2004 жылы көшкен. Екеуінде де босқын мәртебесі болған. Бұл екі азаматтың Шешенстан билігімен байланысы бар-жоғы жөнінде нақты ақпарат жоқ. Кавказ.Реалии дереккөзінің сөзінше, Магамадов Шешенстанның Урус-Мартан қаласындағы терроризмге қарсы орталықта жұмыс істеген.

Австрия полициясы осыған дейін Мамихан Умаровты өлтірді деген күдікпен екі азаматтың ұсталғанын хабарлаған еді.

APA агенттігінің мәліметінше, сенбі күні кешке күдікті ретінде 47 жастағы Шешенстан азаматы ұсталған. Ал жексенбі күні екінші күдіктінің қамауға алынғаны хабарланды. Ол алдымен куәгер ретінде тергелген, бірақ куәлігінде қайшылық болып, куәгерден күдіктіге айналды.

6 шілде күні Австрия полициясы Мамихан Умаровты өз қорғауына алу туралы ұсыныс білдіргенін, бірақ ол бас тартқанын айтты. Жергілікті құқық қорғау органдары мұндай ұсыныстың қашан және қандай себеппен жасалғанын нақтыламады.

Австрия бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, кісі өлтірудің мотиві белгісіз. Қазір саяси мотивтің бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеуді жергілікті барлау қызметінің және терроризммен күрес бөлімінің қызметкерлері жүргізіп жатыр.

“Венадағы Анзор” дейтін блог сериясының авторы Мамихан Умаров 2007 жылдан бері Австрияда тұрады. Ол Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынап, Ресей құқық қорғау органдарын Еуропадағы бұрынғы шешен сепаратистерін өлтіруге қатысы бар деп айыптаған.

Умаровты 4 шілде күні Вена маңындағы Герасдорф қаласында сауда орталығының жанындағы тұрақта атып өлтірген.

Умаров - шетелде қастандыққа ұшыраған жалғыз шешен емес.

  • Маусымда Германияның федералды прокуратурасы бұрынғы шешен командирі Зелимхан Хангошвилиді тапсырыспен өлтірді деп күдікке ілінген адамға айып тақты. Күдікті – Ресей азаматы. Прокуратураның айтуынша, Ресей үкіметіне қарайтын ведомстволар күдіктіге Хангошвилидің көзін құрту туралы тапсырма берген. Марқұмды 2019 жылдың тамызында өлтірген.
  • Хангошвили жасалған қастандыққа "Кавказ-центр" сайтының әкімшісі бұрынғы шешен командирі Абдулвахид Эдильгериевті өлтірді деген ресейлік құпия қызметі қатысты болуы мүмкін. Эдильгериевті 2015 жылы Стамбулда атып кеткен.
  • 26 ақпан күні Швецияда ұлты шешен оппозициялық блогер Тумсо Абдурахмановқа қастандық жасалды. Ол қастандық жасаушыны жығып, полицияға тапсырған. Қастандық жасады деген күдікпен екі азамат қамауға алынды. Өткен жылдың наурызында Шешенстан парламентінің төрағасы Магомед Даудов Абдурахмановқа қарсы қанды кек жариялады.
  • 30 қаңтарда Францияның Лилль қаласында ұлты шешен блогер Имран Алиев қастандықпен өлтірілді. Оған 135 рет пышақ тыққан. Прокурорлар кісі өлімінен кейін Шешенстанға тура тартқан Ресей азаматын негізгі күдікті ретінде қарастырып отырғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG