Accessibility links

Қырғызстанда COVID-19 бен пневмониядан бір күнде 57 адам көз жұмды


Бішкектегі уақытша стационар. 6 шілде 2020 жыл.
Бішкектегі уақытша стационар. 6 шілде 2020 жыл.

7 шілде күні Қырғызстан ауруханаларында коронавирустан және пневмониядан 57 адам көз жұмды. Бұл туралы бүгін, 8 шілдеде Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Айнұр Акматова мәлімдеді.

“Өкінішке қарай, ел стационарларында коронавирустан 13 адам қайтыс болды. Елде барлығы 112 адам COVID-19 індетінен көз жұмды. Сонымен қатар өткен тәулікте ауруханадан тыс пневмониядан 44 адам көз жұмды” деді Акматова.

Бішкек травматология және ортопедия ғылыми зерттеу орталығының директоры Сабырбек Жұмабеков видео мәлімдеме жариялап, онда Қырғызстандағы кенет ушыққан пневмонияны коронавирус инфекциясы қоздырып отыр деп санайды.

Осыған дейін Қырғызстанның бас пульмонологы Талантбек Сооронбаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне былтыр жаз айларында пневмониямен ауырғандар елде мұншалықты көп болмайтынын айтты. Ол да «елде кейбір адамдар айтқандай тұмау індеті емес, COVID-19 індеті ушығып отыр» деді.

Қырғызстанда пневмонияға шалдыққандар коронавирус инфекциясын жұқтырғанын тәуелсіз эксперттер де айтып отыр. Өкпе ауруына шалдыққандардан COVID-19 инфекциясының анықталмауын олар анализ әдісінің дұрыс болмауымен түсіндіреді.

“Өкпесі қабынғандардың коронавирус инфекциясын жұқтырған болуы әбден мүмкін. Бірақ біздің үкімет бөлек санақ жүргізіп, шынайы бейнені жасырып отыр. Билік халыққа үлкен сандарды айтуға қорқады” дейді медицина саласының эксперті Айбар Сұлтанғазиев.

Кейінгі апталарда Қырғызстанда пневмониядан қайтыс болғандар саны артты. Ауруханаларда бос орын болмай, билік уақытша стационарлар ашуға мәжбүр болған. Бірақ медициналық қызметкер тапшы.

Осыған орай елдің премьер-министрі Кубатбек Боронов медициналық білімі бар қырғыз азаматтарына үндеу жасап, оларды келісімшарт негізінде жұмыс істеуге шақырды.

“Үкімет басшысы ретінде мен сіздерді ресми түрде жұмысқа шақырамын. Дәл қазір жұмыссыз отырған, медициналық білімі бар, жұмыс істеп, көмектескісі келетіндерді жұмысқа шақырамыз. Бір немесе екі ай, тіпті үш айға келісімшарт жасаймыз. Дәрігерлерге санатына қарамастан 70 мың сомға дейін (шамамен 900 доллар) төлейміз” деді Боронов 7 шілдедегі брифингте.

Осыған дейін үкімет коронавирус жұқтырған дәрігерлерге 200 мың сом (2,5 мың доллар) төленетінін, ал қайтыс болған жағдайда туыстарына 1 миллион сом (шамамен 13 мың доллар) берілетінін айтқан.

Наурыздың соңынан бері Қырғызстанда пневмониядан 200-ден астам адам қайтыс болған.

Ресми дерек бойынша, Қырғызстанда COVID-19 инфекциясын барлығы 8486 адам жұқтырған. 7 шілдеде елде 345 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Оның 62-сі дәрігер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG