Accessibility links

Гарвард пен MIT шетел студенттерін елден қуатын шешімі үшін Трамп әкімшілігін сотқа берді


U.S. - Гарвард университетінің кампусында жүрген кісі. 10 наурыз 2020 жыл
U.S. - Гарвард университетінің кампусында жүрген кісі. 10 наурыз 2020 жыл

АҚШ колледждері мен университеттері Трамп әкімшілігінің күзгі семестрдегі сабақтары түгелдей қашықтан өтетін шетел студенттерін елден кетуге мәжбүрлейтін шешіміне қарсы шықты. Ал Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты сотқа жүгініп, Ақ үй шешімінің күшін тоқтатуды талап етті.

Дүйсенбі 6 шілде күні АҚШ иммиграция және кеден қызметі сабақтары коронавирус пандемиясына байланысты түгелдей онлайн өтетін шетел студенттерінің елге кіре алмайтынын, ал кіргендері қайтуы тиіс екенін немесе онлайн және оффлайн білім беруді қабаттастыратын оқу орындарына ауысу қажетін хабарлаған.

Иммиграция және кеден қызметі жаңа нұсқаулықты жариялаған күні Гарвард университеті күзгі семестрде сабақтары онлайн өтетінін жариялады. Университеттің мәлімдеуінше, нұсқаулық Гарвард университетіндегі 5 мың шетел студентінің АҚШ-та болуына тыйым салады.

Университет президенті Лоуренс Бакоу Ақ үйдің шетел студенттеріне қатысты шешімін оқу орындарын алдын ала ескертпей жасағанын айтты.

“Нұсқаулық колледждер мен университеттерді күзгі семестрде жүзбе-жүз білім беру үшін кампустегі аудиторияларын ашуға мәжбүрлеу мақсатында қабылданғандай. Бұл ретте студенттердің, оқытушылардың және өзге мамандардың денсаулығы мен қауіпсіздігі еленбеген. Бұл шешім АҚШ-та коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік рекорды күнде жаңарып, 1 шілдеден бері 300 мыңнан астам жағдай тіркелген уақытта жасалды” деді Бакоу.

АҚШ-та бір миллионнан астам шетел студенті бар. Көптеген оқу орындары осы шетел студенттерінен түсетін қаражатқа тәуелді. Шетел студенттері АҚШ университеттерінде білім алу үшін әдетте жергілікті студенттерден көбірек ақы төлейді.

Нұсқаулық коронавирус пандемиясы салдарынан оқуы онлайнға көшкен мыңдаған шетел студетіне қиындық тудырып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG