Accessibility links

Совет диссиденті, Азаттықтың бұрынғы тілшісі Мақмет Құлмағамбет жайлы кітап шықты


Оразақ Смағұловтың Махмет Құлмағамбет туралы кітабының мұқабасы.
Оразақ Смағұловтың Махмет Құлмағамбет туралы кітабының мұқабасы.

Совет диссиденті, Азаттықтың бұрынғы тілшісі Мақмет Құлмағамбет жайлы "Қазақтың айбарлы дисиденті" деп аталатын жинақ шықты.

Жинақ авторы – антрополог Оразақ Смағұлов Махмет Құлмағамбетті бала кезінен білетінін, совет үкіметі тарағаннан кейін оны шетелге іздеп барып, кездескенін, жинақты Мақмет Құлмағамбеттің биылғы 90 жылдығына арнағанын айтады.

Жинақта Махмет Құлмағамбет жайлы естеліктер, диссиденттің өз қолымен жазған өмірбаяны, лагерь мен түрмедегі тіршілігі және одан босап шығуы, шетелге шығу амалдары, Азаттық радиосындағы жұмысы, шетелде жарияланған мақалалары, түрмеден жазған хаттары, Махмет Құлмағамбеттің сұқбаттары суреттерімен қоса берілген.

Махмет Құлмағамбет 1930 жылы Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дүниеге келген. 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітірген соң Түркіменстандағы Чарджоу педагогикалық институтында, кейін Бішкек жоғары оқу орындарында маркстік-лениндік философиядан сабақ берді. 1958 жылдан бастап Алматыдағы философия және құқық институтында қызмет етті. Осы қызметтерінде маркстік-лениндік идеология жайлы сын пікірлерімен белгілі болып, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қудалауымен қызметінен шеттетілген.

1963 жылы “антисоветтік үгіт-насихаты” үшін айыпталып, сот үкімімен жеті жыл қатаң тәртіптегі лагерьде жазасын өтеуге және оны өтегеннен кейін үш жылға жер аударылуға кесілген.

Түрмеден босаған соң Сібірдегі түрлі құрылыстарда жұмыс істеді, соның ішінде Коми АССР-індегі газ құбырын салуға қатысты. "Мен қалай газ құбырларының құрылысшысы болдым" деп аталатын кітабында Махмет Құлмағамбет өзі айдауда болған жылдары басынан кешкендерді баяндайды. Осылайша ол өмірінің 10 жылын советтік лагерьлерде, бұрынғы ГУЛАГ-та өткерді.

1979 жылы Махмет Құлмағамбет Австрияға көшуге рұқсат алған. Диссидент бастапқыдан халықаралық ұйымдарды паналады. 1980-1995 жылдары Азаттық радиосының Мюнхендегі орталық редакциясында қызмет істеді. Советтік баспасөзде оны "қой терісін жамылған қасқыр" “радиодиверсант” деп айыптайтын мақалалар жазылған. Диссидент 1991 жылы Қазақ ССР Жоғарғы сотының шешімімен ақталды.

Махмет Құлмағамбет 2008 жылы Германияның Мюнхен қаласында 79 жасында дүниеден өткен.

Оразақ Смағұловтың Махмет Құлмағамбет туралы жинағын AmalBooks баспасы шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG