Accessibility links

Жұрт қарсы шыққан соң Белградта коменданттық сағат енгізбейтін болды


Парламенттің алдына наразылық митингісіне жиналған адамдар. Белград, Сербия, 9 шілде 2020 жыл.
Парламенттің алдына наразылық митингісіне жиналған адамдар. Белград, Сербия, 9 шілде 2020 жыл.

Тұрғындардың жаппай наразылық танытуы Сербия үкіметін коронавирус инфекциясына байланысты ел астанасында осы аптаның демалыс күндері коменданттық сағат енгізу жоспарынан бас тартуға мәжбүр етті.

Шектеу шарасына байланысты Белградта демалыс күндері он адамнан артық жиналуға тыйым салынған. Мейрамхана, дүкен және өзге қоғамдық орындар сағат 21-де жұмысын аяқтайды. Саябақтар мен өзге де ашық жерлер сағат 23-ке дейін жұмыс істейді. Үкімет жетекшісі Ана Брнабич коменданттық сағат індетке қарсы ең тиімді шара болар еді, бірақ билік аралық амалды қош көрді деп мәлімдеді.

Президент Александр Вучичтің партиясы жеңіске жеткен 21 маусымдағы парламент сайлауынан кейін билік елдегі эпидемиологиялық ахуал тағы да нашарлап кеткен соң мамыр айында аяқталған карантин шарасын қайта енгізе бастады.

7 шілдеде коронавирус салдарынан 13 адам қайтыс болған, бұл елде індет басталғалы бір күнде тіркелген ең көп көрсеткіш. Сол күні Александр Вучич Белградта коменданттық сағат енгізілетіні, бес адамнан артық жиналуға тыйым салынатыны туралы мәлімдеген. Биліктің бұл шешіміне тұрғындар жаппай наразы болды. 9 шілдеге қараған түні Белград пен өзге қалаларда жүздеген адам карантинді күшейтуге қарсылық білдіріп, шеруге шықты. Митингілердің соңы тәртіпсіздіктерге ұласты. Полиция 150-ден астам адамды ұстады. Жұма, 10 шілдеге қараған түні наразылық қайта жалғасты, бірақ бұл жолы бейбіт өтті.

Кейінгі мәлімет бойынша, пандемия басталғалы бері Сербияда 17 мыңнан астам адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. 352 адам қайтыс болды. 13,5 мыңнан астам адам жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG