Accessibility links

Ақтөбеде облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері пневмониядан қайтыс болды


Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров
Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров

10 шілде күні Ақтөбедегі облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров 60 жасқа шыққан шағында пневмониядан көз жұмды. Бұл туралы Азаттыққа облыстың денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Басқарманың сөзінше, Қозыбағаров ауруханаға 2013 жылдан бері жетекшілік еткен. Қайтыс боларының алдында дәрігердің екі өкпесі қабынған. Науқастан коронавирус инфекциясы анықталмаған.

– Алдыңғы шепте жүрген таңдаулы мамандарымыздың бірі еді, қазасы жанымызға қатты батып отыр. Әріптесіміз күнбе-күн барлық палатаны аралап, әр науқастың хәлін сұрайтын. Індет басталғалы үй көрмей, демалыссыз еңбек етті – деді Азаттыққа Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.

Есенаманова сондай-ақ тағы бір әріптесінің ауыр хәлде жатқанын айтты, бірақ дәрігердің аты-жөнін атамады.

Қалихан Қозыбағаров инфекциялық ауруханаға жетекшілік еткенге дейін отыз жыл бойы Хромтау аудандық ауруханасында дәрігер, бас дәрігер болып еңбек еткен.

Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Әсет Қалиев Азаттыққа коронавирус пандемиясы басталғалы Ақтөбе облысында медицина саласының 100 қызметкерінен коронавирус анықталғанын, оның 55-і дәрігер екенін айтты. Сонымен қатар 77 медицина қызметкері пневмонияға шалдыққан. Оның бесеуі қайтыс болған.

Ресми дерекке сәйкес, коронавирус инфекциясы облыста барлығы 2075 адамнан анықталған. Алайда облыста ауру белгілері коронавирустікіне ұқсайтын пневмония жағдайлары күрт артқан.

8 шілдедегі брифингті облыс әкімінің кеңесшісі Әсет Қалиев облыста пневмонияға шалдыққандар 2649 адамға жеткенін, тек 7 шілденің өзінде ауруханаға осы дертпен 98 адам түскенін айтқан.

Кеңесші пневмонияға шалдыққанда арасында қанша адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын айтпады. Бірақ пневмонияға шалдығу жағдайларын “COVID-19 емес деп айта алмаймыз” деді.

Әкімдік алдыңғы аптада пневмониядан 66 адам қайтыс болды деп айтқан болатын.

Пневмонияға шалдығып, салдарынан қайтыс болған дәрігерлер өзге облыстарда да бар. Кеше пневмониядан Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 56 жастағы Қайрат Баймұхамбетовтың қайтыс болғаны хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG