Accessibility links

Дональд Трамп бұрынғы кеңесшісі Роджер Стоунның жазасын жеңілдетті


АҚШ республикалық партиясының ардагері Роджер Стоун.
АҚШ республикалық партиясының ардагері Роджер Стоун.

АҚШ президенті Дональд Трамп конгреске жалған куәлік беріп, куәгерлерге қысым жасағаны және сот төрелігіне кедергі келтіргені үшін сотталған бұрынғы кеңесшісі Роджер Стоунның жазасын жеңілдетті.

67 жастағы Роджер Стоун 14 шілде күні Джорджия штатындағы федералды түрмеге 40 айлық жазасын өтеу үшін келуі керек болған. Трамптың араласуынан кейін Стоун енді түрмеге қамалмауы мүмкін.

“Америка дауысы” радиосының хабарлауынша, Стоун конгрестегі тыңдау кезінде Ресейдің АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлауға араласуын тергеген АҚШ депуттары алдында ант қабылдай отырып өтірік жауап бергені үшін сотталған. Стоун сондай-ақ куәгерлерді қорқытып, дәлелдерді жойған деп айыпталды.

Жұма 10 шілдеде Трамп журналистердің “Стоунға рақымшылық жасайсыз ба?” деген сұрағына “Бұл сұрақты қарастырамын. Меніңше, Роджер Стоунға және өзге де адамдарға әділетсіз қарады” деп жауап берді.

Америкалық басылымдардың жазуынша, республикалық партияның ардагері Роджер Стоун Дональд Трамппен отыз жылдан астам уақыт бойы араласады.

АҚШ конгресі өкілдер палатасы барлау комитетінің басшысы демократ Адам Шифф кінәлап, “Трамп АҚШ-та екі сот төрелігі барын көрсетті: бірі оның қылмыскер достарына, бірі солардан басқаның бәріне” деді.

Жазаны жеңілдету айыптау үкімін рақымшылықтағыдай жоққа шығармайды деп нақтылай кетті “Америка дауысы” өз хабарламасында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG