Accessibility links

Қытай билігі Си Цзиньпинді сынаған профессорды босатты


Пекиндегі Цинхуа университетінің конституциялық құқық жөніндегі профессоры Сюй Чжанжунь.
Пекиндегі Цинхуа университетінің конституциялық құқық жөніндегі профессоры Сюй Чжанжунь.

Қытай президенті Си Цзиньпинді және коммунистік партияны ашық сынаған пекиндік профессор жексенбі 12 шілде күні алты күн қамаудан соң бостандыққа шықты. Бұл туралы профессордың достарына сілтеген Reuters агенттігі хабарлады.

Пекиндегі Цинхуа университетінің конституциялық құқық жөніндегі профессоры Сюй Чжанжунь жексенбі күні үйіне оралды, бірақ әлі де полиция бақылауында және өзіне не болғанын жария түрде айта алмайды. Бұл туралы Reuters агенттігіне оның достарының бірі айтқан.

Пекин полициясының баспасөз қызметі және Цинхуа университеті Reuters агенттігінің сауалына жауап бермеген.

57 жастағы Сюй Чжанжунь 2018 жылдың шілдесінде Қытай президентінің қайта сайлануына жол бермейтін шектеудің алынып тастауын сынап, әлем назарын өзіне аударды. Шектеудің алынуы Си Цзиньпиннің билікте қалуына мүмкіндік берді.

Профессордың достары арасында тараған, Reuters агенттігіне көрсетілген мәтіндік хабарламаға сәйкес, дүйсенбі 6 шілде күні жиырмадан астам полицей профессорды Пекин маңындағы үйінен ұстап әкеткен. Полицейлер сондай-ақ оның үйін тінтілеп, компьютерін кәмпескелеген.

Сюй Чжанжунь партия мен билікті сынайтын 2018 жылғы мақаласынан бөлек өзге де мақалаларын жариялап тұрды. Ақпанда Қытайда коронавирус індеті өршіп тұрғанда ол сөз бостандығына шақыратын мақала жазды.

Мамыр айында ол Си Цзиньпинді Қытайға “Мәдени революцияны” (1966-1976 жылдары Коммунистік партияның қарсыластарын қуғынға ұшыратқан саяси науқан – ред.) қайта әкелмек деп сынады.

Си Цзиньпин билік еткен жылдары Қытайда билікті сынағандар жанышталып, цензура күшейді.

Сейсенбі 7 шілдеде АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Морган Ортагус Қытайдың Сюй Чжанжуньді қамауы АҚШ-ты алаңдатып отырғанын айтып, Пекинді профессорды босатуға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG