Accessibility links

"Қауіпке қарамай науқастарды емдеді". Ақтөбеде тағы бір дәрігер пневмониядан қайтыс болды


Пневмониядан қайтыс болған Ақтөбе қалалық №1 емхананың бөлім меңгерушісі Сәния Мұсиева (емхана басшылары берген фото).

Ақтөбе қалалық №1 емхананың бөлім меңгерушісі Сәния Мұсиева пневмониядан қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа осы емхананың бас дәрігерінің орынбасары Сара Ыбыраева айтты.

- Қала емханалары қашықтан жұмыс істей бастағанда Сәния Қалиханқызында ондай мүмкіндік болған жоқ. Ол кісінің учаскесі жасы егде, жүйкесі бұзылған азаматтардың денсаулығына жауапты. Сондықтан қауіп-қатерге қарамастан науқастарды бұрынғыдай қабылдай берді. Одан қалды жұмыстан бос уақытында жедел жәрдемде кезекшілік етті. Өйткені ол 16 жастағы ұлының жалғыз асыраушысы еді, жесір әйел болатын, - дейді Сара Ыбыраева.

Әріптестерінің айтуынша, Сәния Мұсиева ауруханада жатқан кезде оның ұлы анасының жұмыс орнына күн сайын келіп, "анамды құтқарыңыздаршы" деп жылап жүрген. "Қолымыздан ештеңе келмеді" дейді әріптестері.

13 шілдеге қараған түні Ақтөбе медицина орталығында Сәния Мұсиевадан өзге тағы үш адам пневмониядан қайтыс болған. Орталықтың бас дәрігері Рүстем Исаев карантин жарияланғалы бері өлім-жітім 10-15 пайызға азайғанын айтады.

- Өткен аптада яғни, 6-12 шілде аралығында Ақтөбе медицина орталығында 25 адам қайтыс болды. Яғни,кісі өлімі азайып келеді. Бұған дейін күн сайын кем дегенде 10 пациентті жоғалтатынбыз, - дейді Рүстем Исаев.

Ақтөбеде пневмонияны емдейтін алты пульмонология орталығы бар. Соның бірі Ақтөбе медицина орталығында ғана індет басталғалы жүз шақты адам қайтыс болған. Орталық та 13 шілде күні аза тұтты. Марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

  • Қазақстанда 13 шілде – пандемия құрбандарын еске алу үшін Ұлттық аза тұту күні.
  • Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, елде 60 мыңға жуық адамнан коронавирус табылды. COVID-19 індетінен 375 адам қайтыс болды. Министрлік коронавирус жұқтырған жүзден астам марқұмды "өлімі басқа дерттен болды" деп ресми есепке қоспай отыр.
  • Елде коронавирус өршіген тұста пневмонияға шалдыққандар да көбейді. Қазір елде 50 мыңнан астам осы дертпен ауырып жатыр. Министрлік олардың 30 мыңнан астамының анализінен коронавирус табылмаған деп отыр. Пневмониядан мыңнан адам қайтыс болды. Қазақстанда пневмониядан көз жұмғандардың нақты статистикасы жарияланбады.
  • ДДСҰ Қазақстандағы пневмонияны COVID-19 індеті болуы мүмкін деген.
  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG