Accessibility links

Антикоррупция қызметі медсақтандыру қоры мен "СК-Фармацияға" қатысты тергеу бастады


Дәрі-дәрмек алуға келген адамдар дәріхана алдында кезекте тұр. Алматы, 8 шілде 2020 жыл.
Дәрі-дәрмек алуға келген адамдар дәріхана алдында кезекте тұр. Алматы, 8 шілде 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус өршіп, дәрі-дәрмек тапшылығы мен медицина саласында проблема ушыққан тұста Коррупцияға қарсы қызметі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" компаниясына қатысты тергеу бастағанын хабарлады.

Ведомство Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) "қызмет көрсетуді сатып алу құнын көтеріп, ақша жымқырды" деп күдіктенеді. Ал "СК-Фармация" компаниясының (дәрі-дәрмекті жеткізуге жауапты дистрибьютер – ред.) шетелден келген гуманитарлық көмектерді қалай бөлгенін тексеріп, жемқорлық күдігі бойынша тергеу жүргізбек.

10 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) мен елдегі дәрі-дәрмек жүйесін реттейтін "СК-Фармация" компаниясы басшылығын "босатуды" тапсырған еді.

Кейін ӘМСҚ басшысы Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" басшысы Берік Шәріп қызметінен кетті.

Коронавирус пандемиясы өршіген тұста Шәріп пен Жұмағұловтың басы дауға қалды. Алдымен дәрі-дәрмек тапшылығы, ПТР талдауының жоқтығы, ауруханадағы ахуалдың қиындау қор жұмысына шағымды көбейтті. Кейін Жұмағұловтың әйелі "күйеуінің өзіне 12 көлік сатып әпергені" жайлы посты да дауды өршітті. Ал сарапшылар "СК-Фармация" елде індет өршігенде дәрі-дәрмек тапшылығын дер кезінде реттей алмады" деп санайды.

  • ӘМСҚ Қазақстан үкіметінің 2016 жылғы 1 шілдедегі қаулысы негізінде құрылып, 2017 жылдан жұмыс істей бастады. Сол кезден бастап Қазақстан азаматтары табысының бір бөлігін қорға аударып, медициналық қызметті сақтандыру қорына төлеген жарнасы есебінен алуы тиіс болды. Бұл қадамды медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін жасағанын айтты. Бірақ халық медициналық қызмет сапасы артпағанын айтады. Жұрт анализ алу, медициналық көмекке жүгіну сияқты қызмет шығындарын ӘМСҚ көтеруі тиіс деп шағынды.
  • "СК-Фармация" компаниясы 2009 жылы ақпанда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жанынан құрылды. Компания Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне қарайды.
  • Қазақстанда қазір коронавирус жұқтырғандар 60 мыңға жуықтады. Елде 30 мыңнан астам адам "симптомы коронавирусқа ұқсас" пневмониямен ауырып жатыр. Коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандар мыңнан асып кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG