Accessibility links

Денсаулық министрі мектеп оқушылары қашықтан білім алуын жалғастыруы керек деді


Нұр-Сұлтан қаласындағы №76 мектептің оқушылары сабақ үстінде. Көрнекі сурет.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №76 мектептің оқушылары сабақ үстінде. Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой күздегі жаңа оқу жылын қашықтан білім берумен бастау керек деді. Министрдің сөзінше, оқушылар мектепке қайта барса коронавирус жылдам тарауы мүмкін.

“Карантин кезінде балалардың көпшілік жерде болмауы алдын-ала ұйымдастырылды, сондықтан инфекцияның тарау қаупі төмен болды. Енді олар мектепке барса, балалар арасында дерт жұқтырғандар көбеюі мүмкін” деді министр сейсенбі, 14 шілдедегі үкімет отырысында.

Министрдің сөзінше, 14 жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ-ге шалдыққандардың 70 пайызы мектеп секілді білім беру орындарының оқушылары.

Алексей Цой эпидемиологиялық ахуалға байланысты жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында қашықтан білім беруді қарастыруды сұрады.

Денсаулық сақтау министрі елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 1,7 мыңы бала екенін айтты.

Білім және ғылым министрі денсаулық сақтау министрінің сөзін құптап, “1 қыркүйекте, шалғайдағы шағын ауыл мектептерін қоспағанда, еліміздің барлық мектебінде 1-11 сынып оқушыларын оқу жылының алғашқы тоқсанында қашықтан оқытуды” ұсынды.

Аймағамбетов сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш білім беру деңгейінде кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді ұсынды.

“Бұл жағдайда санитарлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі. Балалар тек бір кабинетте оқиды, үзілістер әртүрлі уақытта болады, кіреберісте дене қызуын өлшеуді ұйымдастырамыз. Ауаны тазалау, кварцтау және ылғалды тазалау тәртібін күшейтеміз” деді Аймағамбетов.

Министр шалғайдағы ауыл мектептеріндегі оқушылар республикадағы барлық оқушының 4 төрт пайызын құрайтынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG